Төбелескен жас қыздарға ойын-сауық орындарына баруға шектеу қойылды

0
1 102

Қыздарға 3 ай бойы қоғамдық орындарға мас күйде келуге тыйым салынады.


Төбелескен жас қыздарға ойын-сауық орындарына баруға шектеу қойылды

ERNUR.KZ. Павлодар ауданындағы ауылдардың бірінде екі жас қыз ұрсысып қалып, соңы төбелеске ұласқан. Оқиға куәгерлері қыздарды тыныштандыру үшін жергілікті учаскелік полиция инспекторын шақырған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Жанжалға қатысушылар бір-бірінің үстінен арыз жазды. Одан ары тексеру үшін ауыл тұрғындары учаскелік полицияға жеткізіліп, олармен профилактикалық әңгіме өткізілді», - деді Павлодар ауданы полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторы Индира Жүсіпова.

Жанжалдасқан екі тұрғынға қатысты Әкімшілік кодекстің 73-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, материал сотқа жіберілді.

Аталмыш фактіге қатысты іс жүргізу сот залында тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды.

Учаскелік полиция инспекторының өтініші бойынша аудандық сот сағат 22.00-ден кейін қоғамдық орындар мен ойын-сауық орындарында болуға шектеу қойды.

Сонымен қатар, алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға және 3 ай бойы қоғамдық орындарға мас күйде келуге тыйым салынады. Сондай-ақ, олар профилактикалық есепке қойылды.