Қазақстанда білім беру саласын қаржыландыруға қатысты мәселелер қаралды.
Midjourney көмегімен жасалған
ERNUR.KZ. Қазақстанда жекеменшік мектептерді қаржыландырудағы заңбұзушылықтар анықталды, деп жазады tengrinews.kz.
Қазақстанда білім беру саласын қаржыландыруға қатысты мәселелер қаралды. Жекеменшік мектептерді қаржыландырудың жаңа тетіктерін енгізуге назар аударылды.
Бұған дейін премьер-министрдің тапсырмасымен мемлекеттік білім беру тапсырысының қаражатын басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында "Қаржы орталығы" АҚ Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігінің қарамағына берілген болатын.
Қаржы министрі Мәди Такиев осы саладағы ашықтықты қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
"Биыл қарашада e-Qazyna.kz веб-порталында OrtaBilim ақпараттық қызметі іске қосылды. Жүйе білім алушылардың саны мен контингентін, рұқсат құжаттарының болуын және басқа да автоматты тексеру арқылы деректердің дұрыстығын бақылауды күшейтуге бағытталған. Қаржы министрлігі мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік мектептерді қаржыландыруда өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, 745 мекеменің 155-і алған кірісін көрсетпеген. Цифрландырылған 427 мектептің шамамен 30 пайызы өз қызмет түрі бойынша бекітілген мақсаттарына сай емес. Мәселен, Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы мектептердің бірі – тойхана ретінде, Шымкентте – сауда орталығы және тағы басқа деп көрсетілген", - делінген хабарламада.
Ресми деректер бойынша, 64 мектепте білім алушылар контингенті жобалық қуатынан 2 есе артық. Мысалы, Алматы облысында орналасқан жобалық қуаты 60 адамға есептелген жекеменшік мектептердің біріне іс жүзінде 702 оқушы қабылданған. Бұл жерде азаматтарға білім беру қызметтерін ұсыну үшін мемлекет қаражатын мақсатсыз жұмсау туралы сөз болып отыр.
"Астанадағы 241 оқушыға арналған жекеменшік мектептің құжаттарында 1003 адам көрсетілген. Сонымен қатар жекеменшік мектептерде жалған мұғалімдер мен қосарланған қаржыландыру деректері анықталды", - делінген хабарламада.
Жаңа сервис білім беру саласындағы барлық ақпараттық жүйелерді біріктіретіні айтылған. Бұл мектептер мен мұғалімдерге жүктеме талаптарының сәйкестігін бақылау шараларының тиімділігін арттыруға, сондай-ақ орынсыз шығындарды сүзгіден өткізу және жол бермеу арқылы бюджет жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде жекеменшік мектептердің 86 пайызы авторизациядан өтіп, БЦП-мен пайдаланушы келісіміне қол қойған. Қаржы министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, жекеменшік мектеп директорларымен қаржыландыру жүйесін өзгерту туралы түсіндіру семинарларын өткізіп жатыр.
Биыл көрсетілген қызметтер үшін мектептерге төлемдер жасалатыны айтылды. Сонымен қатар 2026 жылдың қаңтарынан бастап мұндағы қызмет жаңа ақпараттық жүйемен қатаң реттеледі.
Алдағы уақытта осы сервиске білім беру саласындағы мемлекеттік қаржыландырудың барлық түрін қосу жоспарланған: мемлекеттік тапсырыстар, гранттар, стипендиялар және жатақхана орындарымен қамтамасыз ету жұмыстары.
"Жүргізілген тексеру жұмыстары жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселелерінде көптеген заңбұзушылықтарды анықтады. Шындығында, біз мемлекеттің жоқ оқушылар үшін жиі ақша төлейтінін көріп отымыз. Бұл нарықта тұтастай заңсыз индустрия қалыптасты. Оқу-ағарту министрлігі мен Қаржы министрлігі келесі қаржыландыру жылынан бастап аталған салада толықтай тәртіп орнатуы керек. Бірде-бір мемлекеттік теңге нарыққа жосықсыз қатысушылар мен шенеуніктердің қалтасына түсіп, ысырап етілмеуі тиіс", - деді Олжас Бектенов.
Жиын қорытындысы бойынша премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Қаржы, Оқу-ағарту министрліктеріне, сондай-ақ өңірлердің әкімдіктеріне бірқатар тапсырма берді.


