Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеу барысында шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы екіжақты саяси, экономикалық және мәдени қатынастарды нығайтуға және дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін Әзербайжан президенті Ильхам Алиевті "Алтын Қыран" орденімен марапаттады, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда ресми сайтына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеу барысында шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын атап өтті.
“Менің сапарымның бағдарламасында сізді Қазақстан Республикасының ең жоғары "Алтын Қыран" орденімен марапаттау рәсімі де қарастырылған. Қазақстанда сізді көрнекті мемлекет қайраткері ретінде біледі, құрметтейді. Бүкіл әлемге танымал тұлға ретінде сыйлайды. Әзербайжанды тарихи жеңіске жеткізген, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес, территориялық тұтастығын қалпына келтірген әкелген адам ретінде мен бүгін біздің жеке кездесуімізде сізді құттықтадым. Сіз мемлекеттеріміздің көпжақты, көпқырлы ынтымақтастығын дамытуға зор үлес қосып келесіз. Барша қазақ халқының атынан құрмет белгісі ретінде бүгін сізге "Алтын Қыран" орденін табыс еткім келеді", – деді Тоқаев.
Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев өз кезегінде Қазақстанның ең жоғары орденімен марапатталуын зор абырой деп санайтынын және алдағы уақытта да достық және бауырластық қарым-қатынасты дамытуға үлес қосу үшін барлығын жасайтынын мәлімдеді.
“Біздің халықтарымызды тарихымыз, ортақ тамырымыз байланыстырады. Бүгінгі таңда егемендік жолымен сенімді қадам басып келе жатқан екі тәуелсіз мемлекет - Қазақстан мен Әзербайжан экономикалық дамудың және әлеуметтік мәселелерді шешудің жоғары қарқынын көрсетіп келеді. Әлемдік аренада біздің елдеріміздің беделі артып келеді.
Мен бұл марапатты бүкіл әзірбайжан халқына деген құрметтің белгісі деп білемін. Сіздің қолыңыздан осы марапатты алу мен үшін зор абырой. Сіз жүзеге асырып жатқан реформалар курсын толық қолдайтынымды тағы бір рет айтқым келеді. Сіз жүргізіп отырған саясат Қазақстан халқының ұлттық мүддесіне толық жауап береді. Алға қойған мақсаттарыңыздың бәрі орындалатынына сенімдімін", – деді Әлиев.