Тоқаев Қазақстан халқын Еңбек күнімен құттықтады

0
1 294

Бүгін, 24 қыркүйек - Қазақстанда "Еңбек күні".


Тоқаев Қазақстан халқын Еңбек күнімен құттықтады

фото: Әйгерім Бегімбет.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Еңбек күнімен құттықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мемлекет басшысының құттықтауын Ақорданың баспасөз қызметі жариялады.

Президент өз құттықтауында бұл – мемлекетіміздің тұрақты дамуына жасампаз ісімен үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлықтауға арналған маңызды мереке екенін баса атап өтті.

"Олар туған елдің жарқын болашағы үшін күн сайын тынбай еңбек етіп, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп жүр. "Адал азаматқа" тән еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік, білімпаздық және жақсыдан үйрену, жаманнан жирену сынды асыл қасиеттің бәрі шынайы еңбек адамының бойынан табылады. Сондықтан өз ісінің майталмандары қашанда қоғамның назарында болуға тиіс. Ал, жастарымыз соларға қарап бой түзеуі керек", - делінген Президент құттықтауында.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың "Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі" деп бекер айтпағанын да ескертеді.

"Шын мәнінде, адал еңбек – бүкіл жетістіктің бастауы, табысқа жетудің кілті. Мемлекет осы басты қағидат барлық жерде салтанат құруы үшін бәрін жасайды. Мен Әділетті Қазақстанды еңбекқор, адал азаматтар ғана құра алатынына кәміл сенемін. Баршаңызға ызор денсаулық, бақ-береке тілеймін!", делінген Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауында.

Бүгін, 24 қыркүйек - Қазақстанда "Еңбек күні". 2013 жылы 22 қарашада ҚР Тұңғыш Президенті қыркүйек айының соңғы жексенбісін "Еңбек күні" деп белгілеген болатын. Сондай-ақ елімізде "Еңбек ардагері" медалі тағайындалған. "Еңбек ардагері" медаліне еңбек өтілі 40 жылдан астам, бір салада 10 жылдан аса қызмет еткен, сондай-ақ еңбек жолында ең үздік көрсеткіштер көрсете білген зейнеткерлер мен еңбеккерлер үмітті бола алады.