Мемлекет басшысы Байтасовтың өз ісіне адал болғанын, оның ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың отбасымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы жұмыс сапары барысында батырдың отбасы тұрып жатқан үйге барды. Қазақстан Президентіне қызмет барысында ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасовтың құрметіне қойылған ескерткіш тақта, оның фотосуреттері, медальдары мен жеке заттары көрсетілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманының жұбайымен және ұлдарымен әңгімелесу барысында Ғазиз Байтасовтың өте жауапты әрі қиын сәтте өз ісіне адал болғанын, оның ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
Еске салсақ, Таразда 2011 жылы 12 қарашада лаңкестердің қылмысы салдарынан 7 адам қаза тапқан, оның 5-еуі полиция қызметкері, 2-еуі азаматтық тұлғалар. Бұдан басқа ішкі істер органдарының үш қызметкері жарақат алған.
Айта кетсек, бұған дейін ҚР Президенті жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келгендігі туралы хабарлаған болатынбыз.