Тоқаев Саида Мирзиееваны қабылдады

0
106

​Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевке жылы лебізін жолдады.


Тоқаев Саида Мирзиееваны қабылдады

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады, деп жазады Zakon.kz.


Қасым-Жомарт Тоқаев Саида Мирзиееваның сапары Астана мен Ташкенттің стратегиялық серіктестігін ілгерілету тұрғысынан ерекше мәнге ие екенін атап өтті.

"Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ортақ ынтымақтастықты дамыту үшін өте пайдалы болады деп санаймыз. Біздің саяси жүйелерімізде президент әкімшіліктері айрықша рөл атқарады. Мен әкімшіліктер арасындағы жұмыс қатынастарының жанданғанын әрдайым қолдаймын. Бір-бірімізбен байланыстарымыз артқан сайын Орталық Азиядағы тұрақтылық, өңірлік ықпалдастық нығая түседі. Өйткені Қазақстан да, Өзбекстан да тұтас көрсеткіштер бойынша ірі мемлекеттер саналады. Елдеріміз қазір дамудың бетбұрыс кезеңінде тұр. Бізге бейбітшілік пен қауіпсіздік қажет. Сонда ғана реформаларды сәтті іске асыра аламыз", – деді Президент.

Мемлекет басшысы 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанына тоқталды.

"Мен Бұхараға жасаған жұмыс сапарымды ризашылықпен еске аламын. Біз Өзбекстанның көптеген салада, соның ішінде жасанды интеллектіні енгізу мен цифрландыру бағытында қол жеткізген табыстарымен танысуға мүмкіндік алдық. Әлем жасанды интеллектіні қарқынды түрде дамытуға бет бұрды. Осы орайда біз де қазіргі заман ағымына ілесе білуіміз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевке жылы лебізін жолдады.

Ал Саида Мирзиеева кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты

"Сізге Өзбекстан Президентінің ізгі сәлемін жеткізуді зор мәртебе санаймын. Шавкат Миромонович Қазақстанмен көпжоспарлы ықпалдастықты тереңдетуге ерекше мән береді. Сонымен қатар жоғары деңгейдегі уағдаластықтар мен бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын айрықша бақылауда ұстайды. Өзбекстан мен Қазақстан Орталық Азиядағы тұрақтылық және орнықты даму жолында бірге жұмыс істеп жатыр. Оның нәтижесі байқалады. Біз бірлесе отырып, аймақ үнін жаһандық аренаға жеткізе аламыз. Өзбекстан бүгінде бауырлас Қазақстанда жүргізіліп жатқан өзгерістерді құптайды. Қазақстан – сенімді одақтасымыз. Бұл жайында ұдайы айтып келеміз", – деді Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің Басшысы.

Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы серіктестігін одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстанда қолға алынған жүйелі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде пікір алмасу өтті.