Тоқаев ШЫҰ бастамасын қолдау үшін БҰҰ Бас ассамблеясы қарарын қабылдауды ұсынды

0
327

ШЫҰ-ның үні қазіргі заманның әртүрлі мәселелері бойынша шоғырландырылған ұстанымды алға жылжыта отырып, халықаралық аренада бұдан да күштірек естілуі керек.


Тоқаев ШЫҰ бастамасын қолдау үшін БҰҰ Бас ассамблеясы қарарын қабылдауды ұсынды

ERNUR.KZ. ШЫҰ-ның әділ әлем, келісім және даму бастамасын қолдау үшін БҰҰ Бас ассамблеясы қарарын қабылдау қажет. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммиті аясында өтіп жатқан «ШЫҰ+» кездесуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп жазады inform.kz.

«Сіздерге өзара іс-қимылымызға жаңа серпін беруге арналған ұсыныстарды ұсынуға рұқсат етіңіздер. Біздің ойымызша, басты міндет бейбіт және үйлесімді дамудың күн тәртібін ұжымдық ілгерілету болып қала береді. Әлемдегі негізгі қайшылықтарды ұжымдық күш-жігер мен дана дипломатия арқылы ғана шешуге және тұрақтылықты қамтамасыз етуге болатынына сенімдімін. Осы орайда келер жылы өзінің 80 жылдығын тойлайтын БҰҰ-ға үлкен үміт артылады. Бұл ұйымға балама жоқ. Оның әлеуеті әлі таусылмаған. Біздің ортақ міндетіміз — ХХІ ғасыр сын-қатерлеріне қарсы тұруға қабілетті жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты институты ретінде БҰҰ рөлін күшейту», — деді Президент.

Мемлекет басшысы пайымынша, ШЫҰ-ның үні қазіргі заманның әртүрлі мәселелері бойынша шоғырландырылған ұстанымды алға жылжыта отырып, халықаралық аренада бұдан да күштірек естілуі керек.

«Сондықтан біз қабылдаған тату көршілік, сенім және серіктестік туралы мәлімдеме өзекті. Сонымен бірге, БҰҰ-ның 80 жылдығына және ШЫҰ мен БҰҰ ынтымақтастығының 20 жылдығына орай әділ әлем, келісім және даму бастамамызды қолдау үшін БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарын қабылдауды ұсынамын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.