Токарьдің денесі шашылып кетті: Павлодардағы жарылыс куәгерлері мән-жайды айтты

0
751

Жарылыстың күштілігі сонша, бокстың қақпасы жұлынып кетіп, аумағы 250 шаршы метр болатын шатырдың күл-талқаны шыққан.


Токарьдің денесі шашылып кетті: Павлодардағы жарылыс куәгерлері мән-жайды айтты

ERNUR.KZ. Павлодарда автоцистерна жарылып, бір адам көз жұмып, тағы біреуі жарақаттанған болатын. Апаттан аман қалған куәгерлер оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Жарылыс жұмыс күнінің соңында орын алды, әйтпегенде зардап шеккендер саны мұнан да көп болуы мүмкін еді, деп жазады ktk.kz.

«Сағат кешкі алтының кезінде жұмыс уақытымыз аяқталып, киім ауыстыруға кетіп бара жатқанмын. Сол кезде гүрс еткен күшті жарылыстан құлақ бітелді. Артыма бұрылып қарасам, маған қарай есік ұшып кеп, алдымдағы үстелге тиіп қана тоқтады. Әйтпесе мен де ауруханада жатар едім», - дейді куәгер Александр Савиных.

Жарылыстан кейін полиция Қылмыстық кодекстің «Өзгенің мүлкіне зақым келтіру» бабына сәйкес іс қозғапты. Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Белгілі болғандай, екі ер адам бензин тасуға арналған автоцистернаны жөндемек болыпты. Оның ішіндегі жанармай дұрыс жуылмағандықтан, болгарканың ұшқыны бензин буына тиіп, жарылыс орын алған. Жарылыстың күштілігі сонша, бокстың қақпасы жұлынып кетіп, аумағы 250 шаршы метр болатын шатырдың күл-талқаны шыққан.

Жарылыс салдарынан 42 жастағы токарьдің денесі шашылып кетіпті. Ал бетон плитаның астында қалып, ауыр жарақаттанған 51 жастағы серігі бүгін есін жиыпты.

«Пациент бізге жамбас сүйегінің жарақатымен, миы шайқалып ауыр жағдайда түсті. Шокқа қарсы ісшаралар жасап, жалпы күйін тұрақтандырдық. Қазір ол орташа ауыр жағдайда ем қабылдап жатыр. Енді отаға дайындаймыз», - дейді №1 Павлодар қалалық ауруханасының бөлім меңгерушісі Кеңес Ақылжанов.