​Тоннельге сыймаған "ГАЗельдің" күл-талқаны шықты (видео)

0
1 677

Жүргізуші тоннельдің биіктігін есептемей, сол жағалауда көлігінің күл-талқанын шығарған.


​Тоннельге сыймаған

ERNUR.KZ. Астанада "Астана Опера" театры алдында "ГАЗель" көлігі апатқа ұшырады. Жүргізуші тоннельдің биіктігін есептемей, сол жағалауда көлігінің күл-талқанын шығарған, деп жазады sputniknews.kz.

Астана ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, көліктің рөлін елордалық компаниялардың бірінің қызметкері басқарып келе жатқан. Ол биіктігі екі метр тоннельден өтпек болады. Ал "ГАЗель" көлігінің биіктігі – 3 метрдей.


"Жол апаты түс кезінде болды. Полицейлер қазір тексеру жүргізіп, апаттың мән-жайын анықтап жатыр", – деп хабарлайды елордалық полиция департаменті баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова.

Апат салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.

Ішкі істер департаментінің хабарлауынша, жүргізуші Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 610-бабы (Жол жүру ережесін бұзу салдарынан адамдардың денсаулығына зиян келуі, көліктік құралдардың немесе басқа мүліктің бұзылуы) бойынша жауапқа тартылған.