Төтенше жағдайлар министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктері ұсталды

0
577

Шенеуніктер 4 млн теңгеге дейін пара алған.


Төтенше жағдайлар министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктері ұсталды

ERNUR.KZ. Антикор төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы мен департаменттер басшыларының былығын ашты, деп жазады sputnik.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалидің айтуынша, Антикор жоғары лауазымды шенеуніктер арасында жемқорлықтың жүйелі фактілерін анықтау аясында ТЖ министрлігімен бірлесіп, осы ведомствоның бөлімше басшыларының заңсыз әрекеттерінің жолын кесті.
"Жасырын шаралардың нәтижесінде ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Жетісу облысы ТЖ департаменті бастықтарының парақорлығы әшкереленді. Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алып, тексерілетін ұйымдарды келісімшарт жасау арқылы олардың қызметін сатып алуға және уақтылы ақы төлеуге мәжбүрлеген деген күдікке ілінді", - делінген хабарламада.
Пара сомасы 100 мыңнан 4 млн теңгеге дейін барған.
Бұдан бөлек, ТЖМ Өртке қарсы қауіпсіздік комитетінің төрағасы заңсыз ақшалай сыйақы үшін Ұлытау облысы ТЖД басшыларының біріне қамқоршылық жасағаны анықталды.
Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Аталған лауазымды тұлғалардың басқа да жемқорлық құқықбұзушылықтарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр, деп хабарлайды Антикор.