Басты шарт – мамандығы бойынша жұмыс істеуі тиіс.
Грантпен оқыған түлек өз дайындық бағыты бойынша жекеменшік ұйымдарда еш кедергісіз жұмыс істей алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов facebook парақшасында жазды.
«Мемлекеттік грант арқылы оқуға түскен студенттердің грантты жұмыспен өтеу шарттары жеңілдетілді. Енді түлектер тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істеп, гранттарын өтей алады. Басты шарт – дайындық бағыты (мамандығы) бойынша жұмыс істеуі тиіс», - деп түсіндірді министр.
Оның айтуынша, бұл мәселені түлектер жиі көтеретін. Жаңа норма түрлі ұйымдардағы кадр мәселесін шешуге де септігін тигізеді.
Сондай-ақ түлектердің жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады.
«Мысалы, студент ауылдық квота арқылы фармацевтика бағыты бойынша оқуын аяқтады делік. Кейін ол ауылға барып, өз мамандығы бойынша мемлекеттік ұйымда жұмыс істеуге міндетті болатын. Ал, ауылда мемлекеттік дәріхана жоқ болса ше? Түлектің қиын жағдайға тап болатыны анық. Сондықтан бұл мәселе де шешімін тапты. Қазір мемлекеттік-жекешелік әріптестік дамып келеді және мемлекеттік тапсырыс жекеменшік балабақшаларда, мектептер мен ауруханаларда орналастырылып жатыр. Ендігі кезекте грантпен оқыған түлек өз дайындық бағыты бойынша жекеменшік ұйымдарда еш кедергісіз жұмыс істей алады», - деді А. Аймағамбетов.