Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында жаңа тұрғынүйлер көптеп салынуда.
фото: azh.kz
Қазақстандағы жыл сайын ілгері басып келе жатқан бағыттардың бірі – тұрғын үй саласы. Олай дейтін себебіміз – былтыр аталған сала бойынша елімізде бұрын-соңды болмаған көрсеткіш тіркеліп, 18 млн 96 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді. Ал биылғы көрсеткіш бұдан да асып, 19 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады деп жоспарланған. Осы орайда аталған салаға биыл 5 жүз миллиард теңге бағытталып, оның 120 миллиард теңгесі қажетті инфрақұрылымды тартуға, 80 миллиард теңгесі ипотекалық бағдарламаларға, қалған қаржы арендалық баспаналарға бөлінбек.
Бүгінгі таңда республика бойынша Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында жаңа тұрғынүйлер көптеп салынуда. Яғни ел көлемінде көш бастап тұр десек те болады. Одан бөлек Астана мен Алматы да тұрғын үй ауданы бойынша және қатетті инфрақұрылыммен қамту бағытында жоғары көрсеткішке ие.
Қазақстандағы тұрғын үй саясатының бір ерекшелігі арендалық негізде берілетін тұрғын үйлердің көбдеюі мен мемлекеттік қолдаудың артуы. Мәселен, өткен жылы мемлекет тарапынан арендалық негізде берілген үйлерде тұратын жетпіс мыңнан астам азамат баспаналарын жекешелендіру мүмкіндігіне ие болды. Одан бөлек, өңірлердің әкімдіктері жиырма мың пәтерді сатып алу негізінде алып, әлеуметтік жағдайы төмен және осал топтарға жататын азаматтарға берді. Деректерге сүйенсек, пәтерге ие болғандардың он үш мыңға жуығы алғаш рет баспаналы болған көрінеді. Сонымен бірге, былтыр екі мыңнан аса азаматтың пәтердің алғашқы жарнасын төлеуіне 2 млрд 600 миллион теңге бөлінген және он мыңнан аса адамның пәтер ақысына субсидиялауға қаражат қаралған. Ал пәтер бағасын арзандату негізінде қолға алынған бағдарламалар арқылы он мыңға жуық жанұя баспана алыпты.
Тағы бір айта кетерлік жаңалық – 2024 жылғы тұрғын үй саясатына негізделген заңнаманың жаңғыртылуы. Осы ретте «Отбасы банкке» осал топтарға жататын азаматтарға «бір терезе» тетігі арқылы баспана бері жүктелді. Бұл шешім өз кезегінде баспаналарды дұрыс үлестіру және үміткерлер тізімін әділ жүргізу мүмкіндігін сыйлады.
Қазіргі таңда елімізде тұрғын үй саласымен қатар қажетті инфрақұрылымның сапасын да көтеруге ықпал ететін «Нұрлы жер» бағдарламасы іске асырылып келеді. Бұл бағдарламаның бір ерекшелігі – тұрғын үй саясатын тиімді жүргізуге «мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» тетігінің қолданылуы. Осы ретте биыл тұрғын үй құрылысы саласындағы инвестициялық бағдарламаларға 5 жүз миллиард теңге салынып отыр.
Елдердегі орташа жалақы мен баспананың бағасы бойынша әзірленетін халықаралық рейтингте Қазақстан 112 мемлекеттің арасында 44-ші сатыда тұр. Әлбетте, бұл көрсеткіш азаматтардың баспанаға деген қолжетімділінің әлі де орта деңгейде екендігін көрсетеді. Дегенмен, еліміздің биылғы ұпайы былтырғыға қарағанда айтарлықтай көбейген. Сондай-ақ, салынған тұрғын үй көлемі бойынша тіркелген былтырғы және биылғы рекордтық көрсеткіштер Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында үздік саналып тұр.
Сонымен қатар, Қазақстан өмір сүру жайлылығы бойынша 200-ге жуық елдің арасында 67-ші сатыға тұрақтапты. Рейтингтегі көрсеткіш «өте жоғары» санатына сай келеді. Демек, еліміздегі баспана мәселесі бірте-бірте оңтайландырылып жатыр деген сөз.
Б.Мейірханұлы,