"Гап Иншаат" компаниясы 1996 жылы құрылған. Бас кеңсесі Ыстанбұлда орналасқан.
ERNUR.KZ. Премьер-министр Әлихан Смайылов пен түріктің "Гап Иншаат" компаниясы бас директорының міндетін атқарушы Ченгель Азиз Қазақстанда жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу перспективаларын талқылады, деп жазады sputnik.kz.
Кездесу барысында Ченгель Азиз компания Қазақстандағы инвестицияларын кеңейтуге мүдделі екенін айтқан. Оның сөзінше, Көкшетау қаласында ЖЭО салу жобасының болашағы зор.
"Премьер-Министр Түркия Республикасы Қазақстан үшін маңызды стратегиялық серіктес екенін, сондықтан үкімет өзара тиімді жаңа жобаларды іске асыруды қолдайтынын атап өтті", - делінген ақпаратта.
Әлихан Смайылов Қазақстанның энергетика министрлігі Көкшетауда ЖЭО салу жобасы бойынша ашық тендер өткізетінін, оған барлық әлеуетті инвестор қатыса алатынын айтты. Ченгель Азиз тендерге қатысуға дайын екенін мәлімдеді.
Әзірленген техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, Көкшетаудағы жаңа ЖЭО-ның электр қуаты 240 МВт, жылу қуаты – 520 Гкал/сағ. Жобаны қаржыландыру тендерді жеңген инвестор есебінен жүзеге асырылады.
Айта кетері, "Гап Иншаат" компаниясы 1996 жылы құрылған. Бас кеңсесі Ыстанбұлда орналасқан. Компания түрлі инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асырумен айналысады. Қазіргі уақытта "Гап Иншаат" Түркия, Түрікменстан, Ирак, Катар, Сауд Арабиясы сынды елдерде жобаларын жүзеге асырып жатыр.