Көлге ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін беру ұсынылды, бірақ су мен тұздың құрамы зерттелгеннен кейін бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр.
ERNUR.KZ. Көбейтұз қызғылт көлі былтырғы туристер нөпірінен кейін қалпына келе бастағаны сол еді, онда қайтадан турлар ұйымдастырыла бастады, деп жазады sputniknews.kz.
Ерекше қызғылт реңкімен танымал Көбейтұзға туристер тобы әдемі фотоға түсіп, шомылу үшін келеді.
Өткен жылы кейбір қазақстандықтар көлдің түбінен тұз бен балшықты қазып алып, оны "коронавирусқа қарсы дәрі" ретінде сата бастаған болатын.
Карантин кезінде көл келушілер үшін жабылды, блок бекеттер қойылды. Жаз бастала салысымен туристік фирмалар қайтадан Ақмола облысының көрікті жерлеріне турлар ұйымдастыра бастады.
Өткен жылы пайда болған қара шұңқырлар көлге ғана емес, келушілерге де қауіп төндіріп тұр. Мамандар көлден көп мөлшерде ауыр металдар тапты. Экология министрлігі қазақстандықтарға денсаулығына қауіп төндірмеу үшін Көбейтұзға бармауға кеңес беріп отыр.
"Жүргізілген талдау нәтижесінде көл суында нитраттардың мөлшері екі есе, аммоний азоты 900 есе, аммиак 840 есе, нитриттер 18 есе, хлоридтер 1150 есе, сульфаттар екі есе және күшәла 15,58 есе көп екені анықталды", - деп хабарлады Sputnik Қазақстанға Ерейментау ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Сырым Абжиков.
Әкімдік облыстың бас санитар дәрігеріне хат жолдады. Шенеуніктер туристік агенттіктерден Көбейтұзға сапар ұйымдастырмауын өтінуі мүмкін.
Көлге ерекше қорғалатын аумақ мәртебесін беру ұсынылды, бірақ су мен тұздың құрамы зерттелгеннен кейін бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр.