Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында шетелдік туристерді тарту және осы үдерісті заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін атап өтті.
ERNUR.KZ. Бүгін Үкімет отырысында Ербол Мырзабосынов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында туризм саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмыстары басталғанын хабарлады. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдарға елді мекендерден тыс аумақтарда, оның ішінде ұлттық парктердің аумағында туристік инфрақұрылым салу құқығы берілді, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерлерінде фермерлерге агротуризмді дамытуға мүмкіндік беру қарастырылып отыр. Бұл бағытта жеңіл құрылыстар мен аз қабатты қонақ үйлер салуға рұқсат берілмек.
Қосымша мынадай шаралар қарастырылған:
- қонақ үйлерге жұлдыз беру жүйесін жаңғырту;
- шекарада туристік автобустарға арналған «жасыл дәліздер» енгізу;
- қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру.
Бүгінде Қазақстанда турбизнесті қолдаудың 7 тетігі бар:
- тау-шаңғы курорттарына арналған жабдықтар мен техниканы сатып алуға кеткен шығындардың бір бөлігін өтеу;
- жол бойындағы сервис нысандарын салу шығындарының бір бөлігін өтеу;
- туристік нысандарды салу және қайта жөндеу шығындарының бір бөлігін өтеу;
- туристік қызметке арналған автокөлікті сатып алу шығындарының бір бөлігін өтеу;
- шетелдік туристерді әкелгені үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялау;
- кәмелетке толмаған жолаушыларға әуе билеттерінің құнын субсидиялау (Kids Go Free бағдарламасы);
- санитариялық-гигиеналық тораптарды (СГУ) ұстауға кеткен шығындарды субсидиялау.
Аталған қолдау шаралары ішкі туризмді дамытуға, туристік өнімдердің сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жақсартуға және жалпы туристік саланың бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал етеді.