Түркияда FlyArystan әуе компаниясы 14 жастағы қазақстандық қызды ұшаққа отырғызбай қойған

0
655

Отандық әуекомпаниясы арқылы ұшуды жоспарласаңыздар, барлығына дайын болу керек, дейді қыздың анасы.


Түркияда FlyArystan әуе компаниясы 14 жастағы қазақстандық қызды ұшаққа отырғызбай қойған

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желіде Айсұлу Санғали есімді қолданушы FlyArystan компаниясы арқылы қызын ұшақпен жалғыз жібермек болып, ақырында қызы қажетті жерге жете алмағанын жазды, деп жазады Stan.kz.

Айсұлу Санғали бастапқыда компания балаларды ата-анасыз ұшақпен ұшыруға болатынын айтқанымен, әбден ұшу уақыты келген кезде, рұқсат берілмегенін жеткізген.

“Отандық әуекомпаниясы арқылы ұшуды жоспарласаңыздар, барлығына дайын болу керек. 14 жастағы қызым жазғы демалысын әпкесімен бірге Ыстамбұлда өткізген болатын. Біз 15 тамызға Ыстамбұл-Түркістан бағытында билет алдық. Алдын ала FlyArysta әуекомпаниясына хабарласып, баланы жалғыз жіберуге рұқсат бар-жоғын білдік. Олар рұқсат бар екенін айтқан соң, еш уайымсыз билет алдық”, – дейді келіншек.

Алайда ол ұшаққа мінер кезде баланы жалғыз жіберуге болмайтынын білген. 14 жастағы қызды компания қызметкерлері ұшаққа мінгізбей қойыпты.

“Ұшу күні де компанияға хабарласып, баланы жалғыз жіберуге болама деп сұрадым. Олар болатынын айтты. Бірақ баламды себепсіз ұшаққа кіргізбей қойған. Екі сағат Ыстамбұл әуежайында мәселені шешуге тырыстық. Бірақ қызметкерлер заң жүзінде баланы жалғыз алып жүруге болмайтынын айтты. Алайда қай заңға сүйеніп отырғандарын айтпады. Артынша компания менің хабарласқанымды, қызметкер қателесіп, баланы жалғыз жіберуге болатынын айтып қойғанын мойындады. Олар тұтыушының құқығын бұзып, тауар туралы қате ақпарат берді. Ал қызымды Ыстамбұл әуежайында қалдырып кетті”, – деп жазды қолданушы.

FlyArystan компаниясы оқиғаның мән-жайын түсіндірді.

"Мұндай жағдай орын алғаны өте өкінішті. Біз болған оқиғаның егжей -тегжейін мұқият зерттедік және сіздің ренішіңізді орынды деп білеміз. Біз сіздің ақшаңызды кері қайтару үшін және қажетті көмек көрсету үшін өзіңізбен байланысатын боламыз. Сеніміңізге рақмет", – деп жауап берді FlyArystan авиакомпаниясының баспасөз қызметі.