Уақыт өзгерісінің денсаулыққа әсерін ғылыми тұрғыда зерттеуге дайынбыз - ДСМ

0
342

Вице-министр уақытты 1 сағатқа жылжыту ұйқыны реттейтін гормон – мелатонин өндірісінде минималды өзгерістер туындатады деп отыр.


Уақыт өзгерісінің денсаулыққа әсерін ғылыми тұрғыда зерттеуге дайынбыз - ДСМ

ERNUR.KZ. Сауда және интеграция министрілігінде уақыт белдеуін өзгертуге қарсы петиция қаралып жатыр, деп жазады inform.kz.

Талқылауда бірінші болып сөз алған Денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Тимур Сұлтанғазиев ведомство тарапынан бұл мәселе бойынша тиісті жұмыс тобын құрылғанын айтты.

«Оның құрамына ғалым мамандар мен дәрігерлер, медицина өкілдері кірді. Олар уақыт белдеуін өзгерту жөніндегі шетелдік ғылыми әдебиетті, өзге елдердің тәжірибесін зерттеу бағытында үлкен жұмыс атқарды. Осы зерттеулер негізінде ғалымдар жасаған қорытынды бойынша, уақытты бір сағатқа өзгерту мен денсаулыққа айтарлықтай әсері арасында ешқандай байланыс жоқ. Сондай-ақ, біз Дүниежүзілік денсаулық сақтау министрлігіне де жүгіндік. Ондағы сарапшылар да осы мәселені талқылау үшін өз пікірлерін айтты. Жалпы ғалымдар адам денсаулығына күн уақытына барынша жақын уақыт белдеуін тұрақты қолдануға кеңес беріп отыр. New England Journal of Medicine басылымында жарияланған зерттеуді қысқаша баяндап шығуға рұқсат етіңіздер. Зерттеу қысқы және жазғы уақытқа 1 сағат айырмашылығымен көшу адамдардың көпшілігінің денсаулығында айтарлықтай бұзылыстарға әкелмейтінін көрсеткен. Уақыт өзгерісіне ағза белгілі бір уақыттың ішінде ұзақ мерзімді кері әсерлерсіз бейімделе алатыны айтылған», - деді ол.

Вице-министр уақытты 1 сағатқа жылжыту ұйқыны реттейтін гормон – мелатонин өндірісінде минималды өзгерістер туындатады деп отыр.

«Journal of biological Britance-те жарияланған зерттеу ағза уақыттың мұндай жылжуына 1-2 күнде және бірнеше айда бейімделетінін көрсетті. Жаңа уақыт кестесіне мелатонин деңгейі тез бейімделіп, қалыпты ұйқы режимін қамтамасыз ете алатыны айтылған. Тағы да атап өткім келеді, толыққанды зерттеу жүргізуге тым аз уақыт өтті. Соның өзінде осы кезеңде медициналық ұйымдарға жүгінушілер саны ешқандай өзгермеген. Халықтың денсаулық жағдайы айтарлықтай өзгерген жоқ. Уақыт белдеуі өзгертілгеннен бері қысқа ғана кезең өткенін ескерсек, басқа белдеуге көшудің денсаулықтағы елеулі өзгерістерге себепкер болған-болмағанын анықтау үшін тиісті ғылыми зерттеулер керек. Министрлік ондай талдау мүмкіндігін Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп қарауға дайын», - деді Тимур Сұлтанғазиев.