"Тойота" иесі ерте тұрып, екі үйдің ортасына қалдырып кеткен көлігін жолдан шығармақ болғанын, алайда ұйықтап қалғанын айтқан.
ERNUR.KZ. Павлодарда қатар тұрған екі үйдің ортасына көлігін қойып, өзге автокөліктердің жүруіне кедергі келтірген тұрғынға көршілері наразылық білдірген, деп жазады Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 13 қазан күні таңғы сағат 7.30-да "102" мобильді қосымшасының бейне байланысына Павлодар қаласының тұрғыны шағым түсірген. Ол Қайырбаев көшесіндегі екі үйдің арасындағы жолдың үстінде сұр түсті "Тойота" тұрғанын хабарлаған.
"Ер адам осы көліктің кесірінен үйдің тұрғындары тұрақтан шыға алмай, жұмысқа кешігіп жатқанын жеткізді. Тіпті, тұрғын "102" операторына көліктің қалай тұрғанын бейнебайланыс арқылы көрсеткен", - дейді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Көп кешікпей аталған жерге келген полицейлер автокөліктің иесін анықтап, ережені сақтау және жол қозғалысына қатысушылар мен аула тұрғындарына құрметпен қарау туралы профилактикалық әңгіме жүргізді. Сондай-ақ оған ҚР ӘҚБК 597-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Енді ол бес АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді.
"Тойота" иесі ерте тұрып, көлікті жолдан шығармақ болғанын, алайда ұйықтап қалғанын айтқан.
Айта кетері, өңірде биыл 1176 жүргізуші тұрақ ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.