Ұйымдарға ескірген жабдықтарды уақытылы жаңарту міндеті жүктелді

0
118

Заңнамалық өзгерістерге сәйкес еліміздің кәсіпкерлік субъектілерін тексеру басталмас бұрын 30 күнтізбелік күн бұрын міндетті түрде хабардар ету талабы алынып тасталды.


Ұйымдарға ескірген жабдықтарды уақытылы жаңарту міндеті жүктелді

ERNUR.KZ. Енді хабарлама бір жұмыс күні бұрын жолданады. Бұл бақылау органдарына қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің нақты жай-күйін объективті бағалауға мүмкіндік береді. Тексерулер өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидалары негізінде жүргізіледі. Бақылау және қадағалау органдарына жоспарлы тексерулер нәтижелері бойынша құқық бұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту құқығы беріледі. ҚР төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деді.

Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы реттеуші құралдар мен талаптарды енгізгенге дейін және енгізгеннен кейін реттеушілік әсерге талдау жүргізу талаптары алынып тасталды. Бұл қауіпсіздік мүддесінде қажетті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді.

«Сонымен қатар өндірістік бақылауға маңызды рөл берілді. Бақылау және қадағалау субъектілерінің барлығы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында өндірістік бақылау қызметтерін құруға міндетті. Олар тікелей ұйымның бірінші басшысына бағынатын болады. Қауіпті өндірістік объектілер мен техникалық құралдарды қауіпсіз пайдалану мақсатында ұйымдарға нормативтік қызмет ету мерзімі өткен жабдықтарды уақытылы жаңарту жөнінде міндет жүктейтін нормалар енгізілді. Бұл ретте өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган тиісті жаңарту жоспарларын келісу құзыретіне ие болады», – деді вице-министр.

Сондай-ақ кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің қызметіне қойылатын талаптар да күшейтілді. Атап айтқанда, олардың мүлікті меншік құқығында иеленуі бойынша талаптар белгіленді. Бұдан бөлек, «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы объектілік кәсіби авариялық-құтқару қызметі ұғымы алынып тасталды.

2027 жылдан бастап қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйымдар құрған қызметтерді қоса алғанда, барлық кәсіби авариялық-құтқару қызметтері тау-кен-құтқару, газ-құтқару және фонтандарға қарсы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестаттаудан өтуге міндетті.

Заңды іске асыру шеңберінде 39 нормативтік құқықтық акт қайта қаралып, сәйкестендірілді. Оның ішінде үш акт алғаш рет жарияланды.

Жалпы алғанда, қабылданған өзгерістер өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін жүйелі түрде арттыруға, авариялар мен төтенше жағдайлардың алдын алуға, сондай-ақ мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімді, ашық және түсінікті жүйесін қалыптастыруға бағытталған.