Әлемге әйгілі латынамерикалық жұлдыз Дженнифер Лопестің биыл 1 тамызда Астанада өтетін концертіне арналған билеттер толық сатылып болды.
Фото: jlo/Instagram
ERNUR.KZ. Бұл туралы концерт ұйымдастырушылары ресми түрде хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
— Соңғы күндері біз әрбір жағдайды жеке қарап, орындарды қайта реттеп, сатып алушылармен байланыс орнатуға тырыстық. Қазіргі уақытта барлық билеттер сатылып, бізге берілген квота таусылды. Бос орын жоқ, — деді ұйымдастырушылар.
Осыған байланысты олар бірнеше маңызды шешім қабылдады:
- Билет сатып алған, бірақ ваучер алмаған клиенттер үшін өкінішке қарай орын жоқ. Бұл жағдайда билет құны толық қайтарылады және қосымша дәл сол сома көлемінде (100%) өтемақы төленеді. Қаражатты қайтару процесі банк жүйесіне байланысты 3–10 жұмыс күніне дейін созылады.
- Билет сол бағадағы басқа орынға немесе билейтін алаңға ауыстырылған жағдайда, билет құнының 50%-ы өтемақы ретінде қайтарылады.
- Арзанырақ орынға ауыстырылған билеттерге толық қайтарым жасалып, иелері концертке тегін кіре алады.
- Алдағы 24 сағат ішінде барлық клиентке тапсырыстың мәртебесі туралы SMS-хабарлама жіберіледі.
— Бұл жағдай біз үшін үлкен сабақ болды. Алдағы уақытта мұндай келеңсіздіктерді болдырмау үшін жүйені оңтайландырамыз, — деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде Джей Лоның концертіне байланысты туристік пакеттер сатылып жатқаны байқалды. Ұйымдастырушылар делдалдардан алынған билеттердің жарамсыз екенін ескертті және заңсыз сатылымға байланысты тексеріс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Олар сондай-ақ қайталанып сатылған билеттерге толық өтемақы берілетінін хабарлады.