Білім беру нысаны «Вокзал» шағын ауданында салынады.
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет Ұлытау облысының Қаражал қаласында 80 орындық мектеп салуға Арнаулы мемлекеттік қордан 1,4 млрд теңгеден астам қаражат бөлді, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Білім беру нысаны «Вокзал» шағын ауданында салынады. Бүгінде шағын ауданда тұратын балалардың басым бөлігі қаланың басқа аудандарындағы мектептерде білім алуда. Оларды екі ауысымда апарып, әкелу үшін автобус ұйымдастырылған. Жаңа білім ошағының құрылысы балаларды заман талабына сай оқытуға қолайлы жағдай жасап, білім алуға қол жеткізуін арттыруға мүмкіндік береді.
Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуға шамамен 56,6 млрд теңге бөлді. Олардың қатарында Атырау облысының Жамансор, Жетісу облысының Рудничный және Көксай ауылындағы мектептер, Түркістан облысының Темірлан ауылындағы музыкалық мектеп, Ақмола облысының Зеренді ауылындағы спорт кешені, Риддердегі көпсалалы аурухана кешені, Шымкенттегі жатақхана және Ақтөбе мен Петропавлдағы 2 балабақша бар.
Арнаулы мемлекеттік қорға ақша қаражатын аударудан басқа, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң субъектілерінің қаражаты есебінен Арқалық қаласында дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешені, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Алматыда ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығының құрылысы жүргізілуде. Жұмыс жалғасып жатыр.