Үкімет ұсынып отырған қосымша құн салығының мөлшерлемесі тым жоғары – Тоқаев

0
345

Ол Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдауы қажет екенін атап өтті.


Үкімет ұсынып отырған қосымша құн салығының мөлшерлемесі тым жоғары – Тоқаев

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлермен өткен кездесуде .
Ол Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдауы қажет екенін атап өтті.
"Бір анығы, үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен, бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс", - деп толықтырды президент.
"Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.