Үкіметке көкпар өткізу тәртібіне қатысты ұсыныс енгізілді

0
95

Ресми мәліметке сәйкес, осы өңірлерде өткен жылдың қараша-желтоқсан айында 130-ға жуық, биылғы наурыз-сәуірде 80-нен астам ойын тіркелді


Үкіметке көкпар өткізу тәртібіне қатысты ұсыныс енгізілді

Photo : Акимат Астаны

ERNUR.KZ. Министрлер кабинетіне көкпарды өткізу тәртібіне қатысты ұсыныс енгізілді, деп жазады sputnik.kz.
Депутат Болат Керімбектің айтуынша, бүгінде Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстарында жаппай көкпар жиі өткізіледі. Ресми мәліметке сәйкес, осы өңірлерде өткен жылдың қараша-желтоқсан айында 130-ға жуық, биылғы наурыз-сәуірде 80-нен астам ойын тіркелді.
"Бұл – есепке алынған жарыстар ғана. Бұдан бөлек, ас пен той аясында өткізілген бақылаусыз көкпар да аз емес. 2025 жылдан бастап бұл саланы реттеу бағытында бірқатар шара қабылданып, "Жаппай көкпар" федерациясының қызметі жанданды. Алайда іс жүзінде ортақ ереже сақталмай келеді. Көп жағдайда ойын барысында күш көрсету алдыңғы орынға шығып, федерацияның үйлестіру жұмысының әлсіздігін байқатады", - деді Керімбек бүгін мәжілістің жалпы отырысында.
Оған қоса, қатысушылардың жас ерекшелігі де, саны да шектелмейді. 1500-2000 көкпаршыға дейін қатысатын ойындар да өткізіледі. Мұндай жағдайда спорттық тәртіп пен қауіпсіздік талабын сақтау қиын.
"Көкпар жылқысын баптау мен пайдалану тәртібі де нақты реттелмеген. Атқа күш қолдану, допинг пайдалану, әдейі соқтығысу дерегі жиі кездеседі. Соңғы оқиғалар жаппай көкпар өткізу кезінде қауіпсіздік, ұйымдастыру және бақылау мәселесінің өзектілігін көрсетті. Қатысушылар денсаулығына қауіп төнуі мен жылқының жарақат алуы ықтимал болғанына қарамастан, медициналық көмек көрсету тәртібі толық реттелмеген", - деді Керімбек.
Осы орайда ол Ақмола облысындағы Целиноград ауданында өткен көкпар кезінде 14 жастағы жасөспірімнің көз жұмғанын да еске салды. Алдын ала мәліметке сәйкес, бұл ойын жеке бастамамен ресми келісімсіз ұйымдастырылған. Ал қатысушылар спорт секциясында тіркелмеген. Бұл жағдай рұқсатсыз өткізілетін ойынға бақылауды күшейтудің маңыздылығын көрсетеді.
Осыған байланысты Керімбек үкіметке депутаттық сауал жолдап, жаппай көкпарға арналған қауіпсіздік стандартын заңнамалық деңгейде бекітуді ұсынды. Ал қауіпсіздік талаптарын сақтамаған немесе рұқсатсыз көкпар өткізген ұйымдастырушылардың жауапкершілігін күшейту керек.