Жаңа Салық кодексінде денсаулық сақтау саласының жекелеген бағыттары үшін ҚҚС мөлшерлемесін кезең-кезеңімен өзгерту қарастырылған.
Фото: Magnific.com
ERNUR.KZ. Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға салынатын ҚҚС-ты 2027 жылы 10% көтермей, 5% деңгейінде қалдыру ұсынылды. Сондай-ақ медициналық қызметтерді ҚҚС-тан толық босату мәселесі көтерілді. Ұсыныстар Салық кодексін енгізу жөніндегі Жобалық кеңсенің 24-отырысында талқыланды, деп жазады Stan.kz.
Жаңа Салық кодексінде денсаулық сақтау саласының жекелеген бағыттары үшін ҚҚС мөлшерлемесін кезең-кезеңімен өзгерту қарастырылған. Бұл ретте тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көрсетілетін медициналық қызметтер мен берілетін дәрі-дәрмектер ҚҚС-тан босатылады. Бұл жеңілдік 3 мыңнан астам дәрі-дәрмек атауын қамтиды.
Сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, анықтау, алдын алу және оңалту қызметтеріне де ҚҚС салынбайды. Сондай-ақ ТМККК және МӘМС аясында дәрі өндіруге пайдаланылатын фармацевтикалық субстанциялардың импорты салықтан босатылады.
Ал дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада сату кезінде төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі қолданылады. 2026 жылғы қаңтардан бастап ол – 5%, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан 10% болуға тиіс.
Алайда сала өкілдері әртүрлі мөлшерлемелерді қатар қолдану салықты әкімшілендіруді қиындататынын айтып отыр. Осыған байланысты “Атамекен” ҰКП барлық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарға бірыңғай 5% ҚҚС белгілеуді, ал медициналық қызметтерді ҚҚС-тан толық босатуды ұсынды.
“Атамекен” ҰКП басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев ЭЫДҰ елдерінің тәжірибесін мысалға келтірді. Оның айтуынша, бұл елдердің басым бөлігінде медициналық қызметтерге ҚҚС салынбайды.
Жиында салықтан босату дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар мен қызметтердің бағасына қалай әсер ететіні де сөз болды. Қатысушылар ҚҚС мөлшерлемесін өзгерту мәселесін бюджетке, денсаулық сақтау саласына және халық үшін медициналық көмек пен дәрі-дәрмектің қолжетімділігіне ықпалын жан-жақты саралағаннан кейін қайта қарауға келісті.
Мұнай саласындағы салық мәселесі де қаралды
Отырыста Салық кодексінің 778-бабы да талқыланды. Онда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық маневр аясында пайдалы қазбаларды өндіру салығының жаңа мөлшерлемелерін енгізу көзделген.
Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың айтуынша, салықтық өзгерістерді Еуразиялық экономикалық одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын іске қосумен қатар жүргізу жоспарланған. Алайда ортақ нарықты іске қосу мерзімі кейінге шегерілген.
Мемлекеттік кірістер комитеті Салық кодексіндегі жаңа мөлшерлемелер рента салығы мен мұнай экспортына салынатын кедендік баждың күшін жою ескеріліп есептелгенін түсіндірді. Сондықтан экспорттық кедендік бажды қосарлап есептеу қарастырылмаған.
Осыған байланысты Салық кодексіндегі тиісті нормаларды ЕАЭО-ның мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын іске қосудың жаңа мерзімдерімен сәйкестендіру қажет.


