Үкіметте энергетика және коммуналдық секторлары қалай жаңғыртылатыны жайлы айтылды

0
135

Ұлттық жобаның мақсаты – бүкіл ел бойынша коммуналдық қызметтерді тұрақты әрі сапалы ұсынуды, жаңа қуаттар салуды және инженерлік желілердің тозуын 40%-ға дейін төмендетуді қамтамасыз ету.


Үкіметте энергетика және коммуналдық секторлары қалай жаңғыртылатыны жайлы айтылды

ERNUR.KZ. Үкіметте энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасын іске асыру бойынша баспасөз конференциясы өтті. Оған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев, ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов, энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин, табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев қатысты, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Ұлттық жобаның мақсаты – бүкіл ел бойынша коммуналдық қызметтерді тұрақты әрі сапалы ұсынуды, жаңа қуаттар салуды және инженерлік желілердің тозуын 40%-ға дейін төмендетуді қамтамасыз ету.

Бүгінгі таңда жылу, электр, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы 87 монополист кәсіпорынның энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымы 65-тен 100%-ға дейін тозған. Коммуналдық желілердің жыл сайынғы табиғи тозуы 2-3% немесе 4-5 мың км құрайды.

Қолданыстағы инженерлік желілерді жаңғыртудан басқа, болашақта электр және жылу энергиясының тапшылығын болдырмау үшін жиынтық көлемі 7,3 ГВт болатын қосымша генерациялау көздерін енгізу жоспарлануда.

Ұлттық жобаның маңызды элементтері жеке инвестицияларды тарту және инфрақұрылымды жаңғыртуға жеке компаниялардың қатысуын ынталандыратын тетіктерді әзірлеу болып саналады, бұл мемлекеттік бюджетке қаржылық жүктемені азайтуға көмектеседі.

Ұлттық жоба шеңберінде 57 қалада 200-ден астам табиғи монополия субъектілері (70% мемлекеттік, 30% жеке) қамтылды. Әр кәсіпорын үшін қаржыландырудың жеке моделі таңдалады. Нарықтық, бюджеттік заемдық қаржыландыру, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының заемы болжанады. Барлық заемдар ұлттық валютада болмақ.

Ұлттық жобада жеткізушілер арасында отандық өндіріс өнімдерінің үлесін қамтамасыз ету бойынша міндеттемелер белгіленгенін атап өту маңызды. Отандық өндірушілерді қолдау бойынша іс-шаралар әзірленді, мысалы:

  • елімізде жаңа өндірістерді оқшаулау мақсатында офтейк-келісімшарттар жасасу;
  • жеткізушілер мен мердігерлердің ашық өзара әрекеттесуіне арналған электрондық сатып алу платформасы.

711 тауар позициясын өндіретін 187 кәсіпорынның тізімі жасалды. Бүгінгі таңда Қазақстанда қажеттіліктің жалпы санынан 337 тауар позициясы бойынша өндірісті оқшаулау үшін әлеует бар. Сонымен қатар табысы төмен азаматтарды мемлекеттік қолдау қарастырылған. Әлеуметтік қорғау органдары келесідей шараларды ұсынады:

  • коммуналдық қызметтерді өтеуге тұрғын үй көмегін көрсету;
  • коммуналдық қызметтерді өтеуге әлеуметтік көмек көрсету;
  • атаулы әлеуметтік көмек көрсету.

Табысы кедейлік шегінен төмен қазақстандықтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетін болады. Ұлттық жобаны іске асыруда құжаттарды қалыптастырудан бастап объектілерді пайдалануға беруге дейінгі барлық процестің ашықтығы мен бақылауын қамтамасыз ететін болады. Тарифтерді өзгерту туралы шешім қабылдау кезінде әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы ескеріліп, тұтынушылармен жария талқылаулар жүргізіледі.