Елімізде соңғы жылдары университеттер үшін жаңа корпустар салынған емес.
ERNUR.KZ. Петропавлда түрлі салаға қажет 73 зертхана орналасқан жоғары оқу орнының оқыту-зертханалық ғимараты салынып жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін өңір басшысы Құмар Ақсақалов Петропавлда салынып жатқан бірқатар құрылыс нысанын аралады.
Солардың бірі – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетін ің жаңа корпусы. Бұл жерде инженерия, цифрлық технология, көлік, машина жасау, энергетика және радиотехника, азық-түлік қауіпсіздігі, агрономия, орман шаруашылығы және медицина сияқты салаларды қамтыған 73 зертхана орналаспақ.
«Қиын экономикалық жағдайға қарамастан маңызды жобаны қолға алдық. Елімізде соңғы жылдары университеттер үшін жаңа корпустар салынған емес. Сондай-ақ жергілікті жоғары оқу орнына соңғы 5 жылда кешенді қондырғы алынбаған. Инженерия, ауыл шаруашылығы және ғылыми бағыттар бойынша зертханалар аккредиттеледі. Нәтижесінде ғылымды және өңір экономикасын дамытуға жұмыс істемек. «Жерді қашықтан зондтау» зертханасы ауыл шаруашылығын цифрландыруға қажет. Ал, бұл, өз кезегінде аз шығынмен мол өнім алуға мүмкіндік береді», - дейді Құмар Ақсақалов.
Корпуста медицинаның жоғары мектебінің студенттеріне арналған зертханалар да қарастырылған. Мәселен, хирургия, анестезиология және реанимация кабинеттері болады. Студенттер роботтарда, муляждарда тренажерлар мен симуляторларда өздігінен шеберліктерін шыңдамақ.
Жоғары оқу орны оқытушыларының еңбекақысы да артқан. Қазір орташа еңбекақы – 264 мың теңге. 1 қыркүйектен оқытушылардың табысы 20% артса, 1 қазаннан бастап қалған қызметкерлердің еңбекақысы 10% көбеймек.
«Қазір Үкіметте Петропавлда аграрлы университет ашу мәселесі қаралып жатыр. Бұл елімізде ғана емес, облыста аграрлық ғылымды дамытуға серпін береді. Жоғары оқу орны агроөнеркәсіптік кешенге қажет мамандарды даярлар еді», - дейді облыс әкімі.
СҚО-да студенттер жатақханасының жетіспеушілігі мәселесі де біртіндеп шешіліп жатыр. Қазір 306 орынға шақталған және 244 адамдық екі жатақхана салынып жатыр. Олар қолданысқа берілуімен қажеттілік 1044-ке қысқарады.
1 200 орынға арналған тағы бір жатақхананың құрылысы жоспарда бар. Оның жүзеге асуымен жатақхана мәселесі толығымен шешілмек.