Ұлттық музейде «Зергерлік код» халықаралық көрмесі ашылды

0
96

Экспозицияға Қазақстан, Германия, Австралия, Мажарстан, АҚШ, Италия, Нидерланд, Мексика, Сенегал, Қытай, Ресей, Австрия, Ұлыбритания, Польша, Грузия, Оман сынды 28 мемлекеттен 60-тан астам суретші қатысты.


Ұлттық музейде «Зергерлік код» халықаралық көрмесі ашылды

ERNUR.KZ. ҚР Ұлттық музейінде «Зергерлік код. Тағуға болатын статистика» атты көрменің ресми ашылуы өтті. Бұл – Қазақстандағы Syldyr жобасы аясындағы дата-арт пен концептуалды әшекейлерге арналған алғашқы халықаралық көрме, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.

Экспозицияға Қазақстан, Германия, Австралия, Мажарстан, АҚШ, Италия, Нидерланд, Мексика, Сенегал, Қытай, Ресей, Австрия, Ұлыбритания, Польша, Грузия, Оман сынды 28 мемлекеттен 60-тан астам суретші қатысты. Авторлар концептуалды әшекейлер мен материалдық дата-арт туындыларын ұсынды. Бұл жұмыстар арнайы осы көрме үшін жасалған.

2016 жылы Оксфорд сөздігі «постшындық» сөзін жыл сөзі деп атады. Бұл құбылыс эмоциялар қоғамдық дискурстан объективті фактілерді ығыстырғанда пайда болады. Бүгінде араға он жылдай уақыт салып, постшындық әлеуметтік желілердің, жасанды интеллектінің дамуы және дәстүрлі журналистиканың әлсіреуінің арқасында бұрынғыдан да терең орнықты. Осындай жағдайда статистика ақиқаттың соңғы дереккөзі болып қала береді. Сондықтан да суретшілер барған сайын деректерді көрнекі, материалдық әрі тағылатын формаға айналдыратын дата-артқа жүгінуде.

Қазақ мәдениетінде әшекейдің қасиетті мәні бар. Бойтұмар – күш-қуат, тектілік пен жадының белгісі. Syldyr жобасының кураторлары осы дәстүрді қайта пайымдауды ұсынады. Әшекейдің әлі де өзіндік мәні бар, бірақ енді ол сандарға негізделіп, салмақ, текстура және формаға айналған деректер іспетті.