Ұлттық санақтан кейін планшеттер ауруханалар мен мектептерге беріледі

0
576

Ұлттық санақ 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн өткізілсе, 1-30 қазан аралығында санақшылар үй-үйді аралайды.


Ұлттық санақтан кейін планшеттер ауруханалар мен мектептерге беріледі

ERNUR.KZ. Қазақстанда биыл өтетін ұлттық халық санағынан кейін планшеттер мектептер мен ауруханаларға беріледі. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты, деп жазады sputnik.kz.

Айтуынша, бұл жолғы санақ цифрлық технологиялардың енгізілуіне, процесті автоматтандыруға және планшеттерді қолдануға байланысты 2009 жылғы санақтың шығындарына қарағанда 2,6 есе арзан.

"Бұл ретте деректердің сапасы мен ақпаратты жинау жеделдігі айтарлықтай жақсарады. Санақ аяқталған соң планшеттер мектептер мен ауруханаларға беріледі", - деді Смайылов үкімет отырысында.

Ол халық санағы БҰҰ жариялаған 2020 жылғы халық және тұрғын үй қоры санақтарының Дүниежүзілік раунды аясында өткізілетінін атап өтті. Санақ барлық елде өткізіледі, осы жылдың өзінде әлемнің 61 елінде санақ жүргізу жоспарланған.

Айтуынша, білім беру, көші-қон, табыс, жұмыспен қамту, неке жағдайы, бала туу, бала тууды жоспарлау, тілдерді меңгеру дәрежесі, дінге көзқарас және адамның тыныс-тіршілігін шектейтін факторлардың болуы сияқты мәселелер бойынша толық ақпаратты алуға тек жаппай санақ қана мүмкіндік береді. Мұндай деректер мемлекеттік базаларда жоқ.

"Санақ жүргізу - бүкіл қоғамның қатысуын талап ететін ауқымды іс-шара. Бұл шараға халықтың түсіністікпен қарағаны қажет", деді ол.

Сонымен бірге, айтуынша, кейбір өңірлерде, атап айтқанда Маңғыстау облысында, Шымкент қаласында, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында дайындық жұмысы тиісті деңгейде жүргізілмей жатыр.

Осыған байланысты барлық жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар Іс-шаралар жоспарын қатаң ұстануы және белгіленген мерзімдерде ұлттық халық санағының сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуі қажет, деп түйіндеді сөзін премьер орынбасары.

Биыл ұлттық санақ екі тәсілмен жүргізіледі: 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн өткізілсе, 1-30 қазан аралығында интервьюерлер планшеттерді пайдаланып, үй-үйді аралайды.