​Ұлттық тасымалдаушының туристік пойыздарымен 2,3 мыңнан астам жолаушы саяхаттады

0
139

«Keruen Express» туристік пойызының кезекті сапары аяқталуға жақын.


​Ұлттық тасымалдаушының туристік пойыздарымен 2,3 мыңнан астам жолаушы саяхаттады

ERNUR.KZ. Бұл рейс теміржол туризмін дамыту аясында ұйымдастырылған 18-ші туристік пойыз болды. Жоба іске қосылғаннан бері бүгінгі күнге дейін туристік пойыздармен 2 300-ден астам жолаушы, оның ішінде түрлі елдерден келген туристер саяхаттады. Осы уақыт ішінде теміржол саяхаттарының географиясы айтарлықтай кеңейді.

«Туристік пойыздар Қазақстанды Өзбекстан, Тәжікстан және Қытаймен байланыстыратын халықаралық бағыттар бойынша қатынады. Туристік пойыздардың басым бөлігі Қазақстан мен Өзбекстан арасында ұйымдастырылып, сапар бағдарламасына Алматы, Түркістан, Самарқанд, Бұхара және Ташкент қалалары кірді. Қытайдан келетін туристер ағынын дамытуға бағытталған Сиань – Алматы бағыты да жеке туристік маршрут ретінде іске қосылды»,– деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Ахметжанов.

Сондай-ақ, жоба аясында «Jibek Joly» халықаралық туристік пойызы бірден үш мемлекетті – Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанды байланыстырды. Оның бағыты Алматы, Түркістан, Самарқанд, Бұхара, Душанбе және Ташкент қалалары арқылы өтті.

Бүгінде туристік пойыздар Орталық Азия бойынша саяхаттаудың жеке бір форматына айналып келеді. Олардың жолаушылары қатарында Қазақстан тұрғындарымен бірге өңірдің тарихымен, мәдениетімен, ұлттық дәстүрлерімен және көрікті жерлерімен танысуға қызығушылық танытқан шетелдік туристер де бар.

Мұндай формат бір сапар аясында бірнеше қала мен елді аралауға мүмкіндік береді. Теміржол саяхаты экскурсиялық бағдарламалармен, тарихи-мәдени нысандарды аралаумен және ұйымдастырылған трансферлермен ұштасады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ серіктестерімен бірлесіп, теміржол туризмін дамыту және бағыттар географиясын кеңейту жұмыстарын жалғастыруда. Биылғы жылдың қазан айында халықаралық теміржол саяхаттары сериясын жалғастыратын келесі «Keruen Express» туристік пойызын ұйымдастыру да жоспарланып отыр.

Бағдарлама мен қатысу шарттары туралы толық ақпаратты туристік агенттіктің нөмірі +7 747 040 7405 арқылы алуға болады.