Бұл бастама мерзімді қызмет әскери қызметшілері арасындағы тәлімгерлік жүйесін дамытуға бағытталып, алғашқы оң нәтижелерін көрсетіп отыр.
Фото: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі
Ұлттық ұланның баспасөз қызметінің дерегінше, бұл бастама мерзімді қызмет әскери қызметшілері арасындағы тәлімгерлік жүйесін дамытуға бағытталып, алғашқы оң нәтижелерін көрсетіп отыр.
— Жаңа үлгі бойынша тәртіптілігімен, көшбасшылық қасиетімен және қызметке жауапкершілікпен қарауымен ерекшеленген жоғары шақырылымдағы сарбаздарға үшінші біліктілік сыныбы мен «аға сарбаз» мәртебесі беріледі. Олар өз қарамағына бірнеше жас сарбазды алып, олардың бейімделуіне, тұрмыстық жағдайының ұйымдастырылуына, тәртіп пен моральдық-психологиялық ахуалды сақтауға көмектеседі. Аға сарбаздар қамқорлығындағы жас сарбаздарды мәдени және патриоттық іс-шараларға бастап барып, тәлімгерлік және үлгі көрсетушілік рөлін атқарады, — делінген хабарламада.
«Аға сарбаздар» институтының енгізілуі — Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының бастамасы және қолдауы арқасында жүзеге асып жатыр. Бұл қадам — қызмет өткеру жағдайларын жақсартуға, әскери тәртіпті нығайтуға және жеке құрам арасында ұжымдық рух қалыптастыруға бағытталған кешенді жұмыстың бір бөлігі болып саналады.
Айта кету керек, жаңа жүйе Астана бригадасында сынақтан өткізіліп жатыр. Егер тәжірибе өз тиімділігін дәлелдесе, «аға сарбаздар» институты Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімдерінде енгізілмек.