"Үркер" ұлттық премиясының жеңімпаздары анықталды

0
733

Үздіктер 11 аталым бойынша анықталды.


ERNUR.KZ. Радио, баспа және интернет журналистика саласында үздік шыққандар бүгін «Үркер» ұлттық премиясымен марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғысөзді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева алып, осыдан екі күн бұрын басталған «Astana Media Week 2020» форумының қаралымы жоғары болғанын айтты. Онлайн форматта өткен шараны ресми сайтында 25 мың көрермен көрсе, әлеуметтік желілер арқылы 10 мың интернет-қолданушы тамашалаған. Ал апталық аясында өткен дәстүрлі «Үркер» премиясы үздіктерді 11 аталым бойынша анықтады. Оның ішінде жылдың үздік суреті, үздік аналитикалық материал, радиостанциядағы үздік жоба, үздік жаңалықтар порталы, Шерхан Мұртаза атындағы номинация, жылдың үздік газеті және жыл репортажы. Соңғы аталған аталым бойынша Қызылорда облысының журналисі Нұрсұлтан Мықтыбаев марапатталды. Оның дайындаған репортажы карантин кезінде вируспен күрескен дәрігерлер мен полиция қызметкерлерінің еңбегі туралы болды.


– Мен жылдың үздік репортажына қатыстым. Ол әлемді әбігерге салған індет туралы репортаждар циклынан тұрды. 5 цикл. Біріншісі – дәрігерлердің өмірі. Екіншісі – блокпосттағы полиция мен дәрігерлердің өмірі. Үшіншісі – мұғалімнің біркүндік өмірі. Бүгін еңбегім еленіп, «Үркерді» алып, пандемия кезінде Қызылорда облысының штабында журналист ретінде күні-түні еңбек еткеніме қуаныштымын, - дейді «Жыл репортажы» аталымының жеңімпазы Нұрсұлтан Мықтыбаев.