Гүзәл көршісінің өз баласын әр түнде ұрып-соғатынын және соққының дыбысы, баланың қатты жылаған дауысы естілетінін айтып берді.
Фото: Getty Images
ERNUR.KZ. Алматылық Гүзәл есімді әйел желідегі парақшасында көршісінің әр түнде баласын ұрып-соғатынын және баланың көзінше интимдік қарым-қатынасқа түсетінін жазды. Оның айтуынша, бала сабаққа бармай жүргеніне бірнеше күн болған, деп жазады stan.kz.
Гүзәл көршісінің өз баласын әр түнде ұрып-соғатынын және соққының дыбысы, баланың қатты жылаған дауысы естілетінін айтып берді. Оның сөзінше, бұл жағдай түн ауған кезде қайталана береді.
"Баланың "өтініш, ұрмаңызшы, ауырады" деп айқайлаған дауысы естіледі. Бұл әр түні қайталанады! Әдетте олар есігін соғып, қаққанда тынышталады. Бірақ келесі күні бұл тағы да қайталанады. Оның үстіне, көрші әйелдің ер адамы бар. Ол әйелін үнемі ұрып-соғады, олардың айқайы бүкіл подъезге естіледі. Келесі күні полиция шақырып, есіктерін қақтық. Бірде баланың көзінше төбелескенін көрдік, артынша интимдік қатынасқа түсіп жатқанын естідік", – деді алматылық әйел көршілері туралы.
Ол жазбасында Алмалы ауданы бойынша қорғаншылық ісімен айналысатын басқармамен байланыса алмай жатқанын айтты. Сонымен қатар Гүзәл қазіргі көршілерінің үйінде бұрын ішімдікке салынғандар тұрғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл пәтер қазіргі иелеріне қалай өткені белгісіз.
"Қазір күндіз көршінің өзі жоқ, олар кешкі 22:00-23:00 шамасында баламен келеді де, түнге дейін айғай-шу шығарады. Интернеттен тапқан құзырлы мекемелердің 4-5 нөміріне хабарластым. Бірақ ешкім жауап бермеді. Бұрынғы жазбаға жазылған пікірлер бойынша Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиеваның Instagram-дағы парақшасына жаздым”, – деді Гүзәл.
Полицейлер көршіні түнде ұстап алуға тырысатындарын айтты дейді Гүзәл. 30 желтоқсанда түнде бәрі қайтадан басталған. Гүзәлдің сөзінше, баланың және анасының қорқынышты айқайлары кешкі сағат 22:00-де басталды.
"Көршінің есігін қағып, тоқтатуын талап еттім. Олар тынышталды, бірақ баланың әлі де жылап жатқанын, ал анасы оны үнсіз ұрғанын естідім. Содан кейін батарея арқылы тағы қатты дыбыс шығардым, сонда олар тынышталды. Бүгін мектепке тағы қоңырау шалып, осы жағдай туралы тағы айтып бердім", – деді Гүзәл.
Гүзәл оқиға қаладағы Алмалы ауданы, "Глобус" ойын-сауық орталығының маңындағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болғанын айтады. Әйелдің сөзінше, зардап шеккен бала қазір жасы 7-де және 1-сыныпқа барады.
Қамқоршылық органдарымен, полицейлермен және көршінің өзімен сөйлесіп, ретке келтірдік дейді Гүзәл.
Баланы ұрып-соғу оқиғасына қатысты желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды. Бірі әйелдің бұған араласпау керек екенін айтса, енді екіншілері сол ауданға қарасты қамқоршылық ұйымдарына хабарласу керек екенін жазды.
“Менің Киевте жоғары қабатта осындай көршілерім болды. Әр түнде жоғарыда тұратын көршілерден осындай нәрсені еститінмін. Ал мен полицияға хабарласқанымда олар "Қыз, біз не істейміз? Біз келеміз, есікті қағамыз, егер оларда бәрі жақсы десе, біз кетеміз" деп жауап берді”, “Өтінішті, істі аяғына дейін жеткізіңізші!”, “Мұндай ата-аналарды ата-ана құқықтарынан шұғыл түрде айыру керек”, “Жай ғана пост жазып, шектелмегенiңiзге алғыс. Аяғына дейін жеткізіп, перiштенi аман қалдыруға көмектеседі деп үміттенемін”, – деп жазды оқырмандар.
Редакцияға Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек ақпарат расталмағанын айтты.
“Алматы полиция департаменті тексеру жүргізді. Мәлімет расталған жоқ. Пост жазған автормен және ата-анасымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Белгілі болғандай, бала гипербелсенді болып шықты”, – деп жауап берді Салтанат Әзірбек.