Үш жүзден астам ұрланған мал Жетісу тұрғындарына қайтарылды

0
824

Жыл басынан бері облыста 91 мал ұрлығы тіркелген.


Үш жүзден астам ұрланған мал Жетісу тұрғындарына қайтарылды

ERNUR.KZ. Жетісу облысында полицейлер ұрланған 360-тан астам ірі қара малды тауып, иелеріне қайтарды, деп жазады sputnik.kz.

Жыл басынан бері облыста 91 мал ұрлығы тіркелген. Ауыл тұрғындарының 140-тан астам жылқысы, 56 ірі қара малы, 314 бас қой-ешкісі барымталанған. Тәртіп сақшылары 360-тан астам малды тауып, заңды иелеріне қайтарып берді.
"Осы жылы мал ұрлығы қылмыстарын ашу деңгейі 77,4%-ке дейін жақсарды. Сондай-ақ, полицейлер мал ұрлығымен айналысатын 5 қылмыстық топты залалсыздандырды. Ол топтардың әрқайсысы бұрын сотты болған адамдардан құралған және жылқы ұрлығымен айналысқан. Бүгінгі күні олардың 70 бас жылқы ұрлығына қатысы бар екені дәлелденді. Ұрланған осы жылқының 60-ы табылып, ауыл тұрғындарына қайтарылды", - деді Жетісу облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Ельдар Әбдікенов.
Сондай-ақ, полицейлер малды тасымалдау және ет өнімдерін сату саласындағы заңбұзушылықтарды анықтау жұмыстарының күшейтілгенін хабарлады.
"Тиісті құжатсыз малды тасымалдау және сату бойынша 98 заңбұзушылық анықталды. Осы фактілер бойынша жалпы сомасы 3 миллион теңгені құрайтын әкімшілік айыппұл салынып, материалдар ветеринариялық қызметке жолданды", - деді Әбдікенов.
Ведомстводағылар көбінесе ауыл тұрғындары мал жаю ережелерін ескермей, үй жануарларын қараусыз қалдыратынын айтты. Мал жаюға байланысты заңбұзушылықтар үшін 920 адамға 1,7 миллион теңге айыппұл салынған.