"Үздік педагог" республикалық байқауының 64 жеңімпазына 1000 АЕК көлемінде сыйақы берілді

0
240

Биылғы жылы аталған байқауға мектептер мен колледждерден барлығы 1750 мұғалім қатысып, оның ішінде 64 педагог өз ісінің үздігі болып танылды.


Фото: Оқу-ағарту министрлігі

ERNUR.KZ. Еліміздің бас ұстазы әріптестерін салтанатты жағдайда құттықтап, қоғамдағы ұстаз рөлінің маңыздылығын атап өтті, деп жазады inbusiness.kz.

Оның айтуынша, жыл сайын қазақстандық ұстаздар халықаралық деңгейде жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Мысалы, биылғы жылы біздің оқушыларымыз әлемдік беделді пәндік олимпиадаларда 26 медаль жеңіп алды және бұл жүлделердің екеуі алтын медаль екенін айта кеткен жөн.

"Мемлекет күллі педагогикалық қауымдастыққа орасан зор сенім мен құрмет, қолдау білдіріп келеді. Күні кеше ғана біздің екі ұстазымыз "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болды, бүгін де педагогтерімізді төрге оздырып, оларға құрмет көрсетудеміз. Бұл марапаттардың барлығы ұстаздардың еліміздің игілігіне, адами капиталды қалыптастыруға және өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз адал еңбектерінің мемлекет тарапынан лайықты бағаланатынын және педагог мәртебесін көтерудің жаңа кезеңін айғақтайды", - деді Ғани Бейсембаев.

Айта кетейік, республикалық байқау жеңімпаздары "Үздік педагог" куәлігімен, "Үздік педагог" төсбелгісімен және 1000 АЕК (3,6 млн теңгеден астам) мөлшерінде ақшалай сыйақымен марапатталды.

Сондай-ақ Республика күніне арналған салтанатты шарада оқу-ағарту жүйесінің бірқатар қызметкерлеріне "Ерен еңбегі үшін", "Еңбек ардагері" медальдері, "Ы. Алтынсарин", "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгілері және басқа да ведомстволық наградалар тапсырылды.