Қазіргі уақытта Мейіржан Төребаевтың Instagram-парақшасында 3,2 миллион жазылушы, ал Мейірхан Шернияязовтың 915 мың жазылушы бар.
Әлеуметтік желіден алынған сурет
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК) вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шернияязовтың колонияда смартфон мен әлеуметтік желілерді пайдаланып, контент жариялауына рұқсат етілген-етілмегеніне жауап берді, деп жазады tengrinews.kz.
Айта кетейік, Төребаев пен Шернияязовтың Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшалары белсенді, стористер мен жазбаларында үнемі әзіл-оспақ контент жарияланып, пікірлерге лайктар қойылып отырады.
Қазіргі уақытта Мейіржан Төребаевтың Instagram-парақшасында 3,2 миллион жазылушы, ал Мейірхан Шернияязовтың 915 мың жазылушы бар.
ҚАЖК сот үкіміне сәйкес, аталған сотталғандар жазасын минималды қауіпсіздік мекемесінде өтеп жатқанын еске салды.
"Оларға мекеме аумағынан тыс жерде тек қоңырау шалу/жауап беру/SMS функциялары бар мобильді телефонды (смартфон емес) пайдалануға рұқсат етілген. Әлеуметтік желі парақшаларын жүргізуге қатысты бұл азаматтармен әңгіме жүргізілді, олар әлеуметтік желідегі парақшаларын жұбайлары мен әкімшілері жүргізетінін түсіндірді", - деп хабарлады ҚАЖК Tengrinews.kz-тің ресми сауалына берген жауабында.
Сондай-ақ, ҚАЖК минималды қауіпсіздік мекемелерінде ұсталып отырған сотталғандарға мекеме аумағына мобильді байланыс құралдарын, компьютерлік жабдықтарды алып кіруге, сақтауға және пайдалануға, сондай-ақ мекеме аумағынан өз бетінше кетуге тыйым салынғанын атап өтті.