Вице-премьер Ералы Тоғжанов бірқатар өңірде әлі күнге дейін халықты вакциналау деңгейі төмен екенін атап өтті.
ERNUR.KZ. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов вакцинация жоспарын орындамағаны үшін әкім орынбасарларын тәртіптік жазаға тартуды ұсынды, деп жазады sputnik.kz.
Айтуынша, бірқатар өңірде халықты вакциналау деңгейі төмен. Үкімет өңірлерге вакцинация қарқынын жылдамдатуды тапсырса да, міндет орындалмай отыр.
"Вакцинация жоспарының орындалмағаны үшін әкімдік басшылығының жеке жауапкершілігін атап өткім келеді. Одан әрі де оң динамика байқалмаса, осы мәселеге жетекшілік ететін әкім орынбасарларына тәртіптік сипаттағы шара қолдану орынды деп санаймыз", - деді Тоғжанов үкімет отырысында.
Сондай-ақ вице-премьер мектептерде санитарлық талаптар сақталмайтынын мәлімдеді.
"Оқу жылының басында әкімдіктер дайындықты толық растап, тиісті актілерге қол қойған болатын. Дегенмен, бүгінде әрбір бесінші мектепте санитарлық режим бұзылғаны анықталып отыр", - деді ол.
Тоғжанов әкімдерден тез арада арнайы жиналыс өткізіп, кемшіліктерді жою бойынша қажетті шаралар қабылдауды сұрады.