Wildberries қоймалары Қазақстанға көшсе, тауарлар қымбаттауы мүмкін - БАҚ

0
1 418

Әзірге ресми өтініш түскен жоқ.


Wildberries қоймалары Қазақстанға көшсе, тауарлар қымбаттауы мүмкін - БАҚ

shutterstock

ERNUR.KZ. Ресейдегі логистикалық орталықтарға дрон шабуылы жасалғаннан кейін Wildberries қоймаларының бір бөлігін Қазақстанға көшіру туралы сөз қозғалды, алайда бұл тауар бағасының өсуіне әкелуі мүмкін. Мұндай пікірді DW басылымының Қазақстанның саяси ортасындағы дереккөзі білдірді, деп жазады Ulysmedia.kz.

Әзірге ресми өтініш түскен жоқ

Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі бұған дейін Wildberries ел аумағында қосымша қойма орналастыру жөнінде өтініш жасамағанын мәлімдеген.

Ведомство өкілдері компаниядан мұндай ұсыныс түссе, ол Қазақстан заңнамасы мен ұлттық мүдделер ескеріле отырып қаралатынын атап өтті. Бұл ретте нарықтағы жекелеген компанияларға ешқандай жеңілдік немесе ерекше жағдай жасалмайды.

DW-дің Астанадағы дереккөзі де 31 шілдедегі жағдай бойынша үкіметке ресми өтініш түспегенін хабарлады. Сондықтан қоймаларды көшіру әзірге тек болжам күйінде қалып отыр.

Тауарлар неге қымбаттауы мүмкін?

Басылымға сұхбат берген дереккөздің айтуынша, Қазақстанда жаңа қоймалар ашуға техникалық мүмкіндік бар. Бұл ел бюджетіне қосымша салық түсімін әкелуі мүмкін.

Алайда мұндай шешім компанияның өзіне тиімсіз болуы ықтимал. Егер тауарлар Қазақстаннан Ресейдің еуропалық бөлігіндегі сатып алушыларға жөнелтілсе, жеткізу жолы едәуір ұзарып, шығын да көбейеді.

Сарапшының пікірінше, бұл алдымен жеткізу құнының, кейін тауар бағасының өсуіне әкеледі. Екі елде де халықтың сатып алу қабілеті төмендеп жатқан тұста мұндай өзгеріс сауда көлеміне де әсер етуі мүмкін.

Бос қоймалар жоқтың қасы

Тағы бір күрделі мәселе - заманауи қойма орындарының тапшылығы.

DW дереккөзі Қазақстанда аумағы 100 мың шаршы метрден асатын «А» санатындағы бос қоймалар қазір жоқтың қасы екенін айтты.

Ірі логистикалық кешендердің басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент және Қарағанды маңында орналасқан.

Ал Wildberries үшін қойма орналастыруға қолайлы Ресеймен шекаралас өңірлерде қажет инфрақұрылым іс жүзінде жоқ.

Қазақстан санкцияларды айналып өтуге жол бермейді

DW дереккөзі Қазақстан аумағын қосарлы мақсаттағы тауарларды қайта экспорттау немесе халықаралық санкцияларды айналып өту үшін пайдалануға жол берілмейтінін де мәлімдеді.

Оның айтуынша, мұндай жүктер шекаралық бақылау кезінде тоқтатылып, өткізілмейді.

Нарықтағы бәсеке күшейіп келеді

Сарапшылардың айтуынша, бүгінде Қазақстанда Wildberries пен Ozon-нан бөлек, Temu, AliExpress және JoyBuy секілді ірі қытайлық маркетплейстер де жұмыс істейді.

Бейресми мәлімет бойынша, олардың кейбірі де Қазақстанда логистикалық хаб ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Экономист Эльдар Шамсутдинов басылымға берген пікірінде Қазақстан үшін ресейлік немесе қытайлық платформалардың бірін таңдағаннан гөрі, нарықтағы бәсекені дамыту тиімді екенін айтты.

Оның пікірінше, бірнеше ірі ойыншының қатар жұмыс істеуі тауар түрлерін көбейтіп, баға бәсекесін күшейтеді.

Қазақстандық сатушылар да шығынға батты

Ресейдегі Wildberries қоймаларына жасалған дрон шабуылдарынан Қазақстан кәсіпкерлері де зардап шекті.

Қазақстанның e-commerce сатушылары қауымдастығының мәліметінше, 150-ден астам сатушы шығынға ұшыраған. Жалпы залал 1,5 млрд теңгеден асқан.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өтемақы төлеу тетігін жеделдетуді ұсынды.

Контекст

Бұған дейін Wildberries басшысы Татьяна Ким шабуылдар салдарынан компанияның 16 логистикалық нысанына зақым келгенін хабарлаған.

Оның айтуынша, бұл жағдай Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Армения, Өзбекстан, Қытай және басқа елдердің кәсіпкерлеріне әсер еткен.

Осыдан кейін Wildberries логистикасының бір бөлігі Қазақстанға көшірілуі мүмкін деген ақпарат тарады.