Яндекстің 500 мың жүргізушісі салық төлейтін болады - заң жобасы

0
491

Қазір біздің елде тек Яндекс таксидің өзінде ғана қазір 500 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Glovo-да 200 мың адам қызмет етіп жүр.


Яндекстің 500 мың жүргізушісі салық төлейтін болады - заң жобасы

ERNUR.KZ. Яндекстің 500 мың жүргізушісі салық төлейді. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Әлеуметтік кодекс жобасы мен ілеспе заң жобаларын бірінші оқылымда талқылау кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Бірінші – еңбек нарығын ырықтандыру. Бұл – икемді жұмыспен қамтылудың барлық түрлерін, оның ішінде платформалық жұмысты тануды білдіреді. Бұл өзгерістер негізінен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыру, ал тәуекел болған жағдайда әлеуметтік қолдауды қарастырады. Осы мақсатта бұл санаттағы азаматтарды «тәуелсіз жұмыскер» деп атау енгізілді. Олар - табыс әкелетін еңбек қызметімен айналысатын, бірақ тиісті уәкілетті органдарда ресми мемлекеттік тіркелмеген тұлғалар. Мұндай қызметкерлердің қызметі онлайн платформалар опциясына қосқан немесе жария шарт жасаған жағдайда ресми жұмыспен қамтылған деп танылады.

Оның атап өтуінше, мысалы онлайн Яндекс платформасына қосылған таксистер, Glovo платформасындағы курьерлер осындай санаттағы жұмыскерлерге жататын болады.

«Қазір біздің елде тек Яндекс таксидің өзінде ғана қазір 500 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Glovo-да 200 мың адам қызмет етіп жүр. Жалпы платформалық жұмыста 1 миллионға жуық азамат жұмыс істейді. Оларға осы жұмыс икемді, табыс көзінің бірі болғандықтан бүгінгі жұмысына ешқандай кедергі келтірмейтін, бірақ оларды формальды жұмыс істеп жүрген азамат ретінде тану үшін, егер сол платформаға кірген болса, яғни жария келісімшартқа қол қойса, онда ол азамат тәуелсіз жұмыскер ретінде танылады», - деді Тамара Дүйсенова.

Министр Әлеуметтік кодексте платформа салық агенті ретінде қарастырылып жатқанын айтты

«Яғни сол азаматтар үшін салыққа немес әлеуметтік қамсыздандыруға төленетін қаражаттарын салық агенті ретінде платформаның операторлары төлейтін болады. Болмаса азаматтың өзі жеке кәсіпкер ретінде төлейтіндей мүмкіндік қарап отырмыз. Ол азаматқа әлеуметтік төлем төленетін болса, оның қажетті көмекті алуына құқығы болады», - деді министр.