Елбасы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқару деңгейлерін қысқартуды тапсырды

0
1 181

Қазақстан Президенті сондай-ақ Қордың активтерін жекешелендіру жөніндегі жұмысты жалғастырудың маңыздылығына назар аударып, бұл бағдарламаға шетелдік инвесторлар зор қызығушылық танытып отырғанын айтты.


Елбасы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқару деңгейлерін қысқартуды тапсырды

фото: akorda.kz

Бұл туралы мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысына айтты. Басқосу барысында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының жаңарған даму стратегиясы мен Қорды трансформациялау бағдарламасын қабылдау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Қорды басқарудың тиімділігін арттыру мәселесіне тоқталайық. Қор компанияларын басқарудың көп деңгейлі жүйесі әлі күнге дейін әрекет етіп келеді. Бұл шешімдер қабылдауды күрделендіреді, саны көп әкімшілік-басқарушылық персоналды ұстау үшін елеулі қаржы ресурстарын талап етеді. Басқару деңгейлерін қысқарту қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті ұлттық экономикамызды нығайту және одан әрі дамыту ісінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының жұмысы стратегиялық маңызға ие болып отырғанын атап өтті.

– «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ел экономикасында маңызды рөл атқарады. Қорды дамыту жөніндегі алғашқы ұзақ мерзімді стратегия 2012 жылы қабылданды. Ол әлемдік қаржы дағдарысының салдарына қарсы тұру мақсатымен әзірленген болатын. Соңғы жылдары ахуал өзгерді. Экономикамыз сыртқы факторлардың әсеріне төтеп беріп, орнықты даму жолына түсті. Көп жұмыс атқарылды, – деді Елбасы.

Қазақстан Президенті сондай-ақ Қордың активтерін жекешелендіру жөніндегі жұмысты жалғастырудың маңыздылығына назар аударып, бұл бағдарламаға шетелдік инвесторлар зор қызығушылық танытып отырғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қор компанияларын цифрландыру үдерісіне арнайы тоқталып, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында бұл бағдарламаның өзектілігін және дер кезінде ұсынылып отырғанын атап өтті.

Жиын соңында Қазақстан Президенті «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының 2018-2028 жылдарға арналған жаңарған Даму стратегиясын және Қорды трансформациялау бағдарламасын мақұлдап, оның әрі қарай жүзеге асырылуын ерекше бақылауға алуды тапсырды.

– Ұлттық әл-ауқат қорының жұмысы қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға және ел экономикасын көтеруге бағытталуы керек. Дамудың жаңа стратегиясы мен Трансформациялау бағдарламасы Қор жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, ұлттық экономиканың одан әрі дамуына да ықпал етеді. Осыған орай Үкімет Қор басшылығымен бірлесіп, осы бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуі қажет, – деді Елбасы.