​Заң ауыр тілде жазылса, жұмыс істемейді

0
232


​Заң ауыр тілде жазылса, жұмыс істемейді

Фото ҚР Жоғарғы соты

Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов құқықтық теорияда маңызды қағида бар екенін айтады. Ол – Конституцияның уақыт көшімен бірге дамуы. Егер Ата заң заманнан артта қалса, мемлекет үшін ең қауіптісі сол.

«Өйткені Конституция дегеніміз – дәуірдің тілі. Ол – қоғамның айнасы. Егер айна ескі болса, бүгінгі шындықты көру қиын. Ал шындықты көрмеген мемлекет ертең дұрыс шешімді қабылдай алмайды», дейді ол.

Конституцияның ішкі сапасы мен тіліне тоқталған сенатор егер заң халыққа түсініксіз ауыр тілде жазылса, ондай заң жұмыс істемейтінін айтады. Қазіргі қолданыстағы Конституция алдымен басқа тілде жазылып, кейін мемлекеттік тілге аударылған құжат екенін, соның салдарынан тілі күрделі жазылған кей тұстары бұлыңғыр болып қалғанын жеткізді.

«Мысалы өзім құқық қорғау, сот жүйесінде істегенде, тіпті қазақ мектебін бітірген әріптестердің өзі қазақша мәтінге емес, түпнұсқаға жүгінуге мәжбүр болатын. Бұл мемлекеттік тілдің де, заңның да беделін түсіреді. Ал бүгінгі жаңа Ата заң жобасының басты ерекшелігі – аударма емес, тарихта алғаш рет бастан-аяқ мемлекеттік тілде жазылған төлқұжат болуы», деп атап өтті ол.

Ж.Асановтың айтуынша, заңның әр сөзі орнықты, мағынасы анық болса, мемлекетте әділдік те салтанат құрмақ.

«Қазақта «Тіл түзелсе, төр түзеледі» деген сөз бар. Жалпы Конституциямызды осындай сапалы мемлекеттік тілде жазып алғанымыз бүкіл заңнама саласына жаңа мүмкіндіктер ашады, заңдарымыздың мемлекеттік тілдегі бөлігін осы тұрғыдан қайта қарап шығуға қажеттілік туады», деді сенатор.