​BLUETOOTH-ТРЕКЕР жоғалған затты қалай ТАБАДЫ?

0
343

Қандай заттарға қолдануға болады?


​BLUETOOTH-ТРЕКЕР жоғалған затты қалай ТАБАДЫ?

Сурет: m.media-amazon.com

Заттарын жиі ұмытып кететін, жоғалтатын жандар іздеу трекерін қолданса, өмірі жеңілдейді. Трекер затты тез табуға мүмкіндік беріп, оны жоғалтып алу қаупін едәуір азайтады.


Bluetooth-трекер дегеніміз не?

Bluetooth-трекер немесе Bluetooth-белгі – затқа бекітілетін шағын электронды құрылғы. GPS модулі жоқ, шағын брелок немесе жұқа карта пішініндегі құрылғылар. Олар әдетте тек Bluetooth арқылы ғана емес, сонымен қатар смартфондардың ортақ іздеу желісі арқылы да жұмыс істейді. Оны бірнеше тәсілмен бекітуге болады:

  • брелок түрінде;
  • арнайы баумен;
  • қатты әрі тегіс бетке жабыстыруға арналған жапсырма арқылы.


Bluetooth-белгі қалай жұмыс істейді?

Bluetooth-трекер жұмыс істеуі үшін смартфонға арнайы қосымша орнатылуы қажет. Трекер орнатылған зат табылмай қалса, қосымшаға кіріп, қажетті батырманы басу керек. Сонда дыбыстық сигнал береді немесе оның орналасқан жерін картадан көрсетеді.

Сонымен қатар көптеген құрылғыларда қашықтықты бақылау функциясы болады. Егер Bluetooth-белгі смартфоннан белгіленген арақашықтықтан алыстап кетсе, телефон бірден ескерту хабарламасын жібереді.


Қолданушылар трекерді түрлі мақсаттарда да пайдаланады

  • Көбіне мұндай трекер кілттер мен әмияндарға тағылады.
  • Теледидар пульті үйде жиі жоғалатын заттың бірі. Табылмай қалатын кездер жиі болады. Осындайда смартфондағы қосымша арқылы трекерге дыбыстық белгі жіберсеңіз, оның шыққан үнін естіп, пульттің нақты қайда жатқанын оңай анықтай аласыз.
  • Велосипед, электро-самокат сияқты ұрлап кетуге жеңіл заттардың қолды болуының алдын алуға көмектеседі.
  • Кеңсе қызметкерлері маңызды құжаттар салынған папкаға да Bluetooth-белгі бекітіп қоя алады. Смартфонға уақытында келген ескерту маңызды кездесуді немесе келісімшартқа қол қоюды өткізіп алмауға көмектеседі.
  • Иттің қарғыбауына, мысыққа тағып қояды. Егер үй жануары серуен кезінде қашып кетсе, оның орналасқан жерін анықтап, тезірек табуға мүмкіндік туады.
  • Тағы бір кең тараған тәсіл – жол чемоданын бақылау. Чемоданның қалтасына салынған трекер жүктің иесімен бірге дұрыс бағытта жөнелтілгенін тексеруге мүмкіндік береді. Егер жүк басқа рейске тиеліп кетсе немесе әуе компаниясы оны ұмытып қалдырса, жолаушы мұны бірден байқайды.
  • Үлкен кісілерде немесе үлкен аумақты автотұрақтарда көліктің нақты қай жерде тұрғанын ұмытып қалу жиі кездеседі. Сондай кезде көлікке орнатылған трекер оны тез табуға мүмкіндік береді.
  • Осы технологияны кейбір көлік ұрлығына қарсы жүйелер – иммобилайзерлер де қолданады. Бұл жағдайда көлік иесінің смартфоны Bluetooth-белгі қызметін атқара алады. Арнайы қосымша арқылы пайдаланушының жеке басы расталмаса, иммобилайзер қозғалтқышты іске қоспай, көлікті қорғайды.

Bluetooth-белгілердің тағы бір артықшылығы – энергияны өте аз тұтынуы. Сондықтан оларды жиі қуаттау қажет емес. Қазіргі нарықта ең үздік деп танылатын бірнеше түрімен танысайық.


1. Apple AirTag

iPhone пайдаланушыларына арналған шағын, дөңгелек пішінді құрылғы. Apple-дің «Локатор» (Find My) қосымшасында көрінеді және Apple-дің ауқымды іздеу желісі арқылы жұмыс істейді. Егер бірнеше AirTag қолдансаңыз, олардың әрқайсысына жеке атау беруге болады. Мысалы, «Кілт», «Чемодан», «Рюкзак» сияқты.

AirTag CR2032 батареясымен жұмыс істейді және бір батарея шамамен 12–14 айға жетеді.


2. Chipolo One және Chipolo One Spot

Бұл модель әмбебап болып саналады және iOS пен Android құрылғыларында Chipolo қосымшасы арқылы жұмыс істейді. Bluetooth байланыс қашықтығы: 60 метр. Батареясының қызмет ету мерзімі 1-2 жыл (ауыстыруға болады). Дауыспен басқарылады, смартфонды кері іздеу функциясы бар.

Негізгі іздеу функцияларынан бөлек, Chipolo One смартфонның өзін де таба алады. Ол үшін брелоктағы батырманы екі рет бассаңыз болғаны, телефон дыбыссыз режимде тұрса да қоңырау шала бастайды.

Сонымен қатар құрылғыны Siri, Google Assistant және Amazon Alexa сияқты дауыстық көмекшілер арқылы басқаруға болады.


3. Samsung Galaxy SmartTag 2

Samsung смартфондарының пайдаланушыларына арналған. Бұл құрылғының негізгі артықшылығы – IP67 стандарты бойынша су мен шаңнан қорғалған. Кілтке, сөмкеге немесе үй жануарының қарғыбауына оңай бекітілетін ыңғайлы пішінге ие. NFC технологиясын қолдайды. Егер смартфонды белгіге жақындатсаңыз, оның иесі туралы байланыс ақпараты экранда көрсетіледі. Дәл бағытты анықтайтын UWB чипімен жабдықталған. SmartTag 2 батареясының қызмет ету мерзімі: қалыпты режимде – 500 күнге дейін; энергия үнемдеу режимінде – 700 күнге дейін. Құрылғыны іздеу үшін Samsung SmartThings Find желісі пайдаланылады.


4. Xiaomi Tag

iPhone және Android жүйелерімен жұмыс істейді. Жеңіл әрі жұқа – небәрі 7,2 мм, ал қалыңдығы шамамен 8 мм. Құрылғы ауыстырылатын батареямен жұмыс істейді және бір батарея шамамен бір жылға жетеді. iPhone-мен пайдаланғанда Xiaomi Tag Apple-дің Find My («Локатор») жүйесіне қосылады. Android смартфондарымен қолданылғанда Android Find Hub желісі арқылы жұмыс істейді.


5. Stick-N-Find стикерлері

Америкалық мамандар тобы жоғалған затты оңай табуға арналған Bluetooth-стикерлерді жасап шығарды. Stick-N-Find стикерлері iOS 5, iOS 6, Android 4.1 және одан жоғары операциялық жүйелері бар смартфондармен жұмыс істейді. Басты талап – құрылғының Bluetooth Low Energy (BLE) технологиясын қолдауы.

Бір уақытта 20 Stick-N-Find стикерін басқаруға болады. Смартфондағы арнайы қосымша арқылы әрбір белгінің орналасқан жерін 30 метрге дейінгі қашықтықта бақылауға болады. Ізделіп жатқан затқа жақындаған сайын қосымшадағы арнайы радарда оның жақын жерде екенін білдіретін дыбыстық және жарық сигналдары пайда болады.

Сонымен қатар құрылғыда «белгі – смартфон» байланысының жұмыс аймағын бақылау функциясы бар. Егер стикер смартфоннан алдын ала белгіленген қашықтықтан асып кетсе, телефон автоматты түрде дыбыстық ескерту береді.

Stick-N-Find кәдімгі CR2020 батырма тәрізді батареямен жұмыс істейді. Бір батареяның қуаты шамамен бір жылға жетеді. Батареяны ауыстыру үшін құрылғының жоғарғы бөлігін бұрап ашу жеткілікті.

Дайындаған: Б. ЕРМАН,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ТАСЫМАЛДЫ ДУШ – жазда таптырмас көмекші

«Өндірушілер смартфонды әдейі істен шығарады» деген рас па?