​Қиналған сәттерде осы «КОД СӨЗДІ» айт!

0
329

Біреу ренжітсе де, көңіл күйін болмаған кезде де «жедел жәрдем» ретінде қолдан!


​Қиналған сәттерде осы «КОД СӨЗДІ» айт!

Фото: ЖИ

Қазіргі әлеуметтік желілер, жарнамалар, түрлі мотивациялық контенттер бізге үнемі «Осы жасыңа дейін не бітірдің?», «Жетістігің аз», «Саған арықтау керек», «Бай болуың қажет», «Әлі тұрмысқа шықпадың ба?», «Тағы бала тууың керек» деген секілді ойларды жеткізіп жатады. Мұндай сыртқы қысым кейбір жандарға алға ұмтылуға қамшы болғанымен, көптеген адамның бойында «Мен жеткілікті дәрежеде ақылды емеспін», «Сұлу емеспін», «Табысты емеспін», «Сор маңдаймын» деген улы ойлардың тамыр жаюына әкеледі.

Нәтижесінде адам өзін-өзі жазғырып, өзгелерге үнемі бірдеңені дәлелдеуге тырысады. Жанталасады. Асығады. Бұл ішкі бостыққа, созылмалы мазасыздыққа және болашақтан қорқу сезіміне ұласады. Осындай психологиялық құрсаудан шығудың тиімді жолы бар ма?

Белгілі американдық зерттеуші әрі психолог Брене Браун мұндай жағдайда бір қарағанда өте қарапайым көрінетін, бірақ әсері терең «Мен жеткіліктімін» деген тұжырымдаманы ұсынады.

Брене Браун – Техас университетінің профессоры. Ол жиырма жылдан астам уақыт бойы осалдық, ұят сезімі, батылдық және өзін-өзі қабылдау тақырыптарын ғылыми тұрғыдан зерттеген.

Оның айтуынша, «Мен жеткіліктімін» деген тұжырымдамасы – өз кемшіліктеріңмен, әлсіз тұстарыңмен және қателіктеріңмен бірге өз құндылығыңды мойындау. Қабылдау және «Иә, мен қателесемін. Иә, менде қорқыныш бар. Иә, кейде сүрінемін. Бірақ соған қарамастан мен махаббатқа, құрметке және бақытқа лайықпын» деп, өзіңе жарқын өмірге рұқсат беру.

«Мен жеткіліктімін» ішкі сенім адамға жаңа істі бастауға, тәуекел етуге, өз ойын ашық айтуға және өмірдегі мүмкіндіктерден қорықпауға күш береді. Бұл код сөздің тағы бір маңызды пайдасы, ол адамды өзгелермен салыстыру әдетінен біртіндеп арылтады. Сонымен қатар бұл сөз адамның өзіне бақытты болуға, өзін құрметтеуге және жақсы көруге ішкі рұқсат беруінің белгісі.

Бір қызығы, «Мен жеткіліктімін» деген сөзді күн сайын қайталап айтатын адамдар оның тек ішкі көңіл күйге ғана емес, өмірдегі шешімдерге, қарым-қатынастарға және жалпы өмір сапасына оң әсер ететін ғаламат күші бар екенін жиі атап өтеді.


Кейбір зерттеушілер бұл сөздің күші көне рухани ілімдерде жатқанымен байланыстырады. Мысалы, Құран Кәрімнің Тәубе сүресінің 129-аятында Алла Тағала Пайғамбарға қиналған уақытында: «Маған Алла жеткілікті, Одан басқа Тәңір жоқ, Оған тәуекел еттім. Сондай-ақ Ол, Ұлы Ғаршының Раббы» деп айт деген. Аяттың дәл осы «Маған Алла жеткілікті» деген алғашқы сөйлемі адам жанын сыртқы әлемнің мазасыздығынан құтқарып, ең жоғарғы күшке сүйену арқылы ішкі тыныштық табудың нағыз формуласы екенін көрсетеді. Түсінген жан үшін бұл – өмірлік бағдар және ең сенімді қорған.


Қашан айту керек?

«Мен жеткіліктімін» деген сөзді күнде аффирмация ретінде айтыңыз. Сонымен қатар:

  • Мазасыздық күшейгенде;
  • Қателік жіберіп қойған кезде;
  • Өзіңізді өзгелермен салыстыра бастағанда;
  • «Мен қатарымнан артта қалып қойдым» деген ой келгенде;
  • Көпшілік алдына шығар алдында;
  • Біреумен ренжісіп қалған сәтте;
  • Стресс пен дағдарыс кезінде;
  • Өзіңізге деген сенім әлсіреген кезде.

Осындай сәттерде бірнеше рет «Мен жеткіліктімін» деп қайталаңыз. Сондай-ақ Брене Браун таңертең күнді осы сөзбен бастауды және кешке жатар алдында күні бойғы қателіктерді санай бермей, «Мен жеткіліктімін» деп айтуды да ұсынады...

Сіз әлі «Бір-ақ ауыз сөз қалай көмектеседі?" деп күмәнданып отырсыз ба? Дәлел іздемей-ақ сынап көру үшін жай ғана айтып бастаңызшы, керемет әсеріне көп ұзамай куә боласыз.


Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

"Өзіңді өзің кездесуге шақыр" техникасы

28 күнде жаңа өмір: Ронда Берннің «МАГИЯСЫ»