Зейнет жасына жақындаған әйелдерді қолдау амалдары қарастырылуда – Ләззат Рамазанова

0
486

Қазақстанда зейнет жасына жақындаған әйелдерді қолдау амалдары қарастырылып жатыр.


Зейнет жасына жақындаған әйелдерді қолдау амалдары қарастырылуда – Ләззат Рамазанова
ERNUR.KZ. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Зейнет жасын төмендету мәселесі жұмыс тобында қаралды. Оған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Ұлттық комиссия мүшелері, Мәжіліс депутаттары және Қазақстан әйелдер қозғалысының белсенділері қатысты.

«Қоғам белсенділері бұл мәселені жиі қозғап жүр. Әйелдердің 60 жастан кейін толыққанды жұмыс істеуі және бұл жаста лайықты еңбекақыны қамтамасыз етуі қаншалықты қиын екендігіне дәлелдерін келтіруде. Кезінде зейнеткерлік жасын ұлғайтарда еліміз халықаралық тәжірибеге сүйенді. Алайда еңбек өтілін және әйелдер қызмет ететін нақты салаларды, сондай-ақ денсаулық сақтау статистикасын саралауды да ескеру аса маңызды», - деді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова.

Ұлттық комиссия төрайымының айтуынша, соңғы үш күнде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде белсенділердің қатысуымен кездесулер өткен. Барлық мүдделі тараптың айтқан ұсыныстары мен дәлелдерін естіп, оны жұмыс тобы өз қарауына алған.

«Өзара түсіністік бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Зейнетақы жүйесін реформалау тұжырымдамасы аясында алда жаңаша есептеуді қолға алып, Үкіметтің қарауына ұсынады. Алдымызда қыруар жұмыс тұр, десе де маңызды әрі бірінші қадам жасалды деп ойлаймын», - деді Ләззат Рамазанова.

Осыған дейін белсенділер әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетуді қолдайтын митингті өткізу туралы хабарлаған болатын. Естеріңізге салсақ, Қазақстанда 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы ұзартылған. Салыстырып қара болсақ, 2021 жылы әйелдер зейнетке 60 жастан бастап шығатын, ал биылғы қаңтардан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасы 60 жасқа тағы 6 ай қосып ұзартылған. Ал ер кісілер зейнетке 63 жастан шығады.