Биыл 12 қаңтарда зейнетақы жинағы есебінен емделуге өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды.
Коллаж: Canva
ERNUR.KZ. Отбасы банк зейнетақы жинақтарын емделуге, соның ішінде стоматологиялық қызметтерге пайдалану мүмкіндігін қайта енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл туралы банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Үкіметтегі брифингіде айтты, деп жазады inform.kz.
Оның айтуынша, бұл мүмкіндік халық арасында үлкен сұранысқа ие болған.
– Жинақтарды мақсатсыз пайдаланған халықтың 10%-ының кесірінен салымшылардың 90%-ы осы мүмкіндіктен айырылғаны өкінішті. Менің ойымша, бұл – әділетсіз. Қазір біз 2026 жылдың соңына дейін осы процесті біріздендіру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Жүйеде стоматологиялық клиникалар да, басқа да қызмет көрсететін барлық клиника болады деп жоспарланып отыр. Орындалған жұмыс актілері онлайн форматта рәсімделеді, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүйесімен интеграция жасалады. Барлығы ашық әрі түсінікті болады, - деді Ләззат Ибрагимова.
Л. Ибрагимова зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану мүмкіндігін қайта енгізу туралы соңғы шешімді Денсаулық сақтау министрлігі қабылдайтынын айтып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін бір айдың ішінде қазақстандықтар радиохирургиялық ем алуға 5,6 млрд теңге көлемінде зейнетақы төлемін алғаны хабарланған болатын.
Сондай-ақ өткен жылы азаматтарға зейнетақы жинақтарын пластикалық операцияларға пайдалануға тыйым салынғаны белгілі.
Биыл 12 қаңтарда зейнетақы жинағы есебінен емделуге өтінім қабылдау уақытша тоқтатылды.


