​Жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың тізімі кеңейтіледі

0
550

2022 жылдың 4 шілдесінен бастап otbasybank.kz платформасында бағдарлама талаптарына сәйкес келетін кез келген қазақстандық субсидия алуға өтініш бере алады.


​Жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың  тізімі кеңейтіледі

Отбасы банк («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) жүзеге асырып жатқан жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы баспана кезегінде тұрған адамдарды көбірек қамтымақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұған дейін бағдарламаға қатысу туралы өтінішті SMS хабарлама алған азаматтар ғана жолдай алатын. Аталмыш хабарламалар жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдерді тағайындау және төлеу қағидаларының талаптарына сәйкес, уәкілетті орган қалыптастырған және банкке өткізген тізім бойынша жіберілді. Тізімге төрт санат бойынша баспана алуға кезекте тұрған 70 мың адам кірді:
- 1 және 2 топтағы мүгедектер;
- мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
- көп балалы отбасылар.
Тағы бір талап – жалдау субсидиясын алуға өтініш білдірген отбасының жиынтық табысының мөлшері. Соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 көлемінен аспауы керек (1 КМ = 37 389 теңге).
2022 жылдың 4 шілдесінен бастап otbasybank.kz платформасында бағдарлама талаптарына сәйкес келетін кез келген қазақстандық субсидия алуға өтініш бере алады. Ол үшін ЭЦҚ қажет. Субсидиялау бағдарламасына қатысушылардың тізімінде болудың және Отбасы банктен SMS хабарлама күтудің қажеті жоқ.
Отбасы банк жұмыс барысында қолға алған тағы бір өзгеріс – әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға қатысты. Енді олар жалақы, жеке кәсіпкерліктен түсетін табыс пен қызмет көрсету шарты бойынша төленетін қаражатпен қатар кіріс ретінде есепке алынатын болады.
Мәселен, жалғыз өзі асыраушы болып табылатын отағасының әйелі мен үш баласы бар делік. Ол айына 180 000 теңге алады. Табыс талабы бойынша бұл отбасы субсидия алуға құқылы. Алайда бұл отбасы қосымша жәрдемақы алатын болса, онда әрбір отбасы мүшесінің табысы 1 КМ-нен жоғары болады. Яғни бұл жағдайда отбасы мемлекеттік қолдаудан қағылады. Дәл осы себепті бағдарламаға қазірдің өзінде 1000-нан астам қатысушы қабылданбады.
Қазір заңнамалық деңгейде аталмыш өзгертулер енгізілуде. Олар күшіне енгенін банк қосымша хабарлайды. Сол уақыттан бастап әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар табыс ретінде қарастырылмайды. Сондықтан бұрын осы себепті субсидия ала алмаған қатысушылар өтініштерін қайта тапсыра алады.
Жалдау ақысын субсидиялауға республикалық бюджеттен барлығы 40 млрд теңге бөлінсе, тағы 10 млрд теңгені жергілікті әкімдіктер бөледі.