Жалға берілетін тұрғын үй портфелінде 17 мыңнан астам пәтер бар – ҚТК

0
127

2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында Қазақстанның тұрғын үй компаниясы сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй жобаларын жүзеге асырып келеді.


Жалға берілетін тұрғын үй портфелінде 17 мыңнан астам пәтер бар – ҚТК

ERNUR.KZ. 2015-2025 жылдар аралығында сатып алу құқығымен жалға беру механизмі арқылы жалпы сомасы 270 млрд теңгеден асатын 23 мыңнан астам пәтер берілді. Яғни бұл тетікке деген сұраныс жоғары. Қазір компанияның қолданыстағы жалға берілетін тұрғын үй портфелінде жалпы құны 217 млрд теңгеден асатын 17 мыңнан астам пәтер бар. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында «Қазақстанның тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Исламбек Қайырбеков мәлімдеді.

Исламбек Қайырбековтің айтуынша, бағдарламаның негізгі артықшылықтары – бастапқы жарнаның талап етілмеуі, сыйақы мөлшерлемесінің төмен болуы – жылдық 3,1%, жалдау мерзімінің 20 жылға дейін болуы, сондай-ақ пәтерлердің әрлеу жұмыстарымен дайын күйінде берілуі. Оның сөзінше, бұл азаматтарға бастапқы жарнаны алдын ала жинамай-ақ, қоныстануға дайын баспана алуға мүмкіндік береді. Өтінімді қарағаны үшін комиссия алынбайды.

«Бағдарламаға қатысудың міндетті шарты – өтініш берушінің төлем қабілетін растауы. Азамат тұрғын үйді қалған құны бойынша мерзімінен бұрын сатып ала алады. Міндеттемелер толық орындалғаннан кейін пәтер оның меншігіне өтеді. Қазір еліміздің 14 өңірінде 800-ге жуық пәтер беріліп жатыр», – деді спикер.

2026 жылдың тамыз айынан бастап тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепте тұрған азаматтарға сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді іске асыру «Отбасы банк» АҚ-мен бірлесіп жүргізіледі. Нысандар туралы ақпарат Baspana Market платформасында орналастырылады. Мұнда азаматтар нысандардың сипаттамасымен, бағдарламаға қатысу шарттарымен және өтінім қабылдау мерзімдерімен таныса алады. Сондай-ақ платформа арқылы өтінімдер қабылданып, үміткерлер іріктеледі. Осыдан кейін компания олардың төлем қабілетін бағалайды.

Компания қызметінің тағы бір бағыты – жергілікті атқарушы органдарға жалдамалы және кредиттік тұрғын үй сатып алуға, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуға қаржы бөлу. Бұл жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу арқылы жүзеге асырылады.

Компания сатып алу құқығымен жалға беру механизмі аясында жалдамалы тұрғын үй ұсынысын кеңейтуді жалғастырып келеді. 2026 жылы еліміздің түрлі өңірлеріндегі 20 қалада кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру үшін шамамен 41 мың шаршы метр жалдамалы тұрғын үй сатып алу жоспарланған.

Бұдан бөлек, компания «Орда Аймақ» несиелеу бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама агенттері - «Отбасы банк» АҚ және «Alatau City Bank» АҚ. Қарыздың ең жоғары сомасы - 75 млн теңге, бастапқы жарна - тұрғын үй құнының 20%-ы. Несие мерзімі –240 айға дейін, мөлшерлемесі – жылдық 15,9%.