Жалған ақпарат кәсіпкердің бизнесіне зиянын тигізуде

0
1 160

Жақында әлеуметтік желілерде «Қызылордалық «Байдала» серіктестігінің күріші сапасыз» деген сарында бейнежазба тарады.


Жалған ақпарат кәсіпкердің бизнесіне зиянын тигізуде

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желілерде «Қызылордалық «Байдала» серіктестігінің күріші сапасыз» деген хабардан кейін «Байдаланың» басшысы көмек сұрап, Кәсіпкерлер палатасына өтініш түсірген болатын. Мәселені зерттеген Палата қызметкерлері сала мамандарының басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізді, деп жазады egemen.kz.

Баспасөз мәслихатында Кәсіпкерлер палатасы директорының агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов: «Бүгінгі баспасөз мәслихатын өткізуге себеп болып отырған жағдай жақында ғана әлеуметтік желіде «Байдала» мекемесінің күрішіне қатысты жарияланған жалған бейнежазба. Нақты зерделеу жұмыстары жүргізілмей таратылған ақпараттың салдарынан кәсіпкер шығынға ұшырап отыр. Кәсіпкер Палатаға келіп бізден көмек сұрады. Қазір заңгерлеріміз құқықтық қолдау көрсетуде», - деді.

«Байдала» ЖШС директорының орынбасары Азамат Байдалиев компанияның бүгінде облысқа қарасты Шиелі, Сырдария, Жалағаш аудандарында күріш егіп, оны өз зауыттарында ақтайтындықтарын жеткізді. Бүгінде «Байдаланың» зауытында тұрақты 80 адам жұмыс жасаса, егіндіктерде маусымдық жұмыстарға 2000-ға жуық адам тартылған. Өнімдерін Тәжікстан, Украина, Россия, Өзбекстан, Қырғызстан және өзге де елдерге экспортқа шығаруда.

«Әлеуметтік желіде таралған жалған ақпарат біздің компания беделіне нұқсан келтіріп тұр. Мұндай бейнематериалды тарату кімге тиімді екендігін білмеймін. Қазір таратушыны анықтау жөнінде ішкі істер органдарына шағымымызды қалдырдық. Жалған ақпарат таратушы анықталған жағдайда әрі қарай сотқа беретін боламыз», - деді.

Баспасөз мәслихатының қорытындысымен Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Пірмұхаммед Сыздықов Палата тарапынан кәсіпкерге жан-жақты қолдау, көмек көрсетілетіндігін жеткізді.