Дәрігерлердің жедел әрекетінің арқасында баланың жүрек соғысы қайта қалпына келтірілді.
Фото: © istockphoto.com
Жамбыл облысында дәрігерлер өлім аузында жатқан баланың өмірін сақтап қалды. Ауқатты ауылында тұратын бүлдіршін үй ауласындағы бассейнге абайсызда құлап кеткен, деп жазады Azattyq Rýhy.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, оқиға болған сәтте анасы үй ішінде жеті айлық сәбиін емізіп отырған. Ал екі жасар бала аулада 13 жастағы ағасымен бірге болған.
«Біраз уақыттан кейін ағасы інісін бассейн ішінен байқап қалып, бірден судан шығарып алған. Алайда сол кезде бала тыныс алмай жатқан, денесі көгеріп кеткен еді. Анасы алғашқы көмек көрсетуге тырысқанымен, бүлдіршінді есін жиғыза алмаған», – деп мәлімдеді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Оқиға орнына ауылдық дәрігерлік амбулаторияның мамандары шұғыл жеткен. Әр секунд маңызды болғандықтан, медицина қызметкерлері бірден реанимациялық шараларды бастап, баланың жүрек соғысын қалпына келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған.
Одан кейін бүлдіршін жедел түрде Қордай аудандық орталық ауруханасына жеткізілді. Жедел жәрдем және жансақтау бөлімдерінің дәрігерлері кішкентай науқастың өмірі үшін күрес жүргізді. Медициналық топтың үйлесімді жұмысы, жоғары біліктілігі мен жедел әрекетінің арқасында қажетті реанимациялық шаралардың барлығы орындалды.
«Қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақтанды. Ол ем қабылдап жатыр және дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Баланың жақындары бүлдіршінге өмірге қайта мүмкіндік сыйлаған медицина қызметкерлеріне шынайы алғыстарын білдіруде», – деп атап өтті ведомство.


