Жамбыл облысында болған жойқын дауыл қанша шығын алып келді: Сапарбаев жауап берді

0
927

Жамбыл облысындағы дауыл кезінде бүлінген әлеуметтік нысандарды жөндеуге 368 миллион теңге қаржы бөлінді.


Жамбыл облысында болған жойқын дауыл қанша шығын алып келді: Сапарбаев жауап берді

ERNUR.KZ. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді, деп жазады Stan.kz.

17-18 қарашада Жамбыл облысында дауыл болып, көпқабатты үйлердің, мектеп пен балабақшалардың шатыры мен қоршауы қираған еді.

"Сол күндері жылдамдығы 22-38 м/с дауыл болды. Соның салдарынан 1200 нысанға зақым келді. Қазір басым бөлігі қалпына келтірілді. Олар көпқабатты жекеменшік тұрғын үйлер, 20-дан астам әлеуметтік нысандар. Көп бөлігін жергілікті кәсіпкерлер есебінен қалпына келтірдік. Күрделі зақым келген әлеуметтік нысандарға қосымша 368 миллион теңге қаржы бөлінді", - деді Жамбыл облысы әкімі.

Қазір зақым келген мектептер, мәдениет үйлері, медициналық пункттер толығымен қалпына келтірілді. 7 не 8 жекеменшік үйді осы аптаның аяғына дейін толық қалпына келтіреміз, деді Сапарбаев.

Айта кетсек, Жамбыл облысында ауа райы нашарлап, секундына 25 метр жылдамдықпен жел соқты. Болған дауыл қала инфрақұрылымына айтарлықтай зиян келтірді. Салдарынан Тараз қаласында 5 көпқабатты тұрғын үйдің 50-200 шаршы метрі зақымданды. Сондай-ақ 12 мектеп, 4 бөбекжай-бақшаның 50-300 шаршы метр шатыры қираған.

Қатты дауыл салдарынан 17 жастағы жасөспірім көз жұмды.

Ауа райының күрт құбылуы салдарынан нысандардың жартысынан астамы электр қуатынан ажыратылды. Электр беру желілері, шатырлар, ағаштар құлап, автомобильдер бүлінді.

Қала көшелерінде 45-тен аса үлкенді-кішілі ағаш, 12 аялдама құлады. 32 бағдаршам істен шықты.

Сондай-ақ Таразда 34 билборд, 9 баннері мен 64 жалауша жыртылды.