Жамбыл облысында екі бала мұз астына түсіп кетіп көз жұмды

0
812

Балалардың денесін Жедел-құтқару жасағының үш сүңгуірі алып шыққан.


Жамбыл облысында екі бала мұз астына түсіп кетіп көз жұмды

ERNUR.KZ. 28 қарашада Жамбыл облысы Байзақ ауданы Үлгілі ауылының маңында екі бала мұз астына түсіп кетіп, көз жұмды, деп жазады nur.kz.

Ведомствоның мәліметінше, тоғыз және алты жастағы екі бала тереңдігі үш метр болатын суару каналында ойнап жүрген. Кенет мұз жарылып, олар су астына кеткен. Балаларды құтқарып қалу мүмкін болмаған.

Олардың денелерін Жамбыл облысы ТЖД Жедел-құтқару жасағының үш сүңгуірі алып шыққан.

Осы орайда ТЖМ ата-аналарға ескерту жасап, сақтық шараларына асқан жауапкершілікпен қарауға шақырды.


"Аяз басталысымен біртіндеп мұз пайда бола бастайды. Алғаш қата бастаған мұзға балалар мен жасөспірімдер барып, жиі ойнайтыны жасырын емес. Осыған байланысты жұқа мұз өте қауіпті екенін еске салғымыз келеді.

Құрметті ересектер қауымы! Балаларыңызға абай болыңыздар! Мұз қатқан судың қауіптілігі туралы балаларыңызға ескертуді ұмытпаңыздар. Балалардың бақылаусыз қалуына, су қоймаларында ойнауына жол бермеңіздер. Оларды қараусыз қалдыру орны толмас өкінішке алып келуі ықтимал.

Қайғылы жағдайлар қайталанбас үшін су айдындарына қатысты ережелерді сақтау қажет. Мұз жаңа қата бастаған кезде мұз үстінде ойнауға, коньки тебуге тыйым салынады. Енді қата бастаған мұз адамның салмағын көтере алмайды.

Мұзда жүру кезінде абай болыңыз, қауіпті және күдік тудыратын жерлермен жүрмеңіз. Қардың қалың қабатымен жабылған жерлерден сақ болыңыз. Қар астында мұз әрқашан ашық жерлерге қарағанда, жұқа болады.

Егер сіз су айдынында апаттың куәгері болсаңыз немесе сіз осындай жағдайға тап болсаңыз, шұғыл көмекке жүгініңіз. Төтенше жағдайлар министрлігі балаларды қараусыз қалдырмауға кеңес береді және мұзда ойнаудың қауіпті екендігін ескертеді", - дейді ТЖМ баспасөз қызметі.